Денсаулық сақтау вице-министрі ШҚО-дағы Ана мен бала орталығында болды

8 Қазан 2023, 09:33
797
Бөлісу:
Денсаулық сақтау вице-министрі ШҚО-дағы Ана мен бала орталығында болды
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник жұмыс сапары шеңберінде Өскемен қаласындағы облыстық Ана мен бала орталығында болып, реанимациялық және операциялық блоктардың, оңалту орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы BAQ.KZ ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ана мен бала орталығы Шығыс Қазақстан облысындағы кішкентай пациенттерге, жүкті әйелдерге және босанатын әйелдерге медициналық көмек көрсететін ірі медициналық мекемелердің бірі болып табылады.

Орталықтың құрылымына педиатриялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық-ортопедиялық, хирургиялық бөлімшелер, сондай-ақ күрделі соматика, лор, көз микрохирургиясы, реанимация бөлімшелері кіреді. Сонымен қатар Орталықта жеке зертхана және бес заманауи операциялық блок бар.

Клиниканың басты ерекшеліктері оның жоғары технологиялылығы және патологияны емдеу мен диагностикалаудың көптеген заманауи әдістерін қолдану мүмкіндігі болып қала береді.

Орталықтың директоры Жайық Жұмаханов Ана мен бала орталығы заманауи медициналық аппараттармен жабдықталғанын атап өтті. Жаңа жабдықты тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін аурухана дәрігерлері әлемнің жетекші клиникаларында біліктіліктерін арттыра отырып, шетелде үш деңгейлі оқу бағдарламасынан сәтті өтті.

Кездесу шеңберінде вице-министр Орталықтың дәрігерлерімен бірқатар практикалық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ана мен бала орталығының нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Талант Арыстанбеков облыстың шалғай аудандарына дәрігерлерді шұғыл жеткізуде шешуші рөл атқаратын санитариялық авиацияның қызметіне қатысты маңызды мәселені көтерді. Ол сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының балалар нейрохирургиялық қызметін толық жарақтандыру қажеттігіне назар аударды.

Кездесу соңында вице-министр Ана мен бала орталығында жүргізіліп жатқан жұмыстарды балалар өмірін сақтап қалу саласында өте маңызды және жауапты деп танып, мекеменің барлық ұжымына табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы