Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды телефон алаяқтарына SMS-кодтар мен жеке деректерді бермеуге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар азаматтардың, соның ішінде егде жастағы адамдардың сенімін пайдаланып, өздерін емхана немесе басқа мекеме қызметкерлері ретінде таныстырады.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды сақтық шараларын ұстануға шақырады:
- үшінші тұлғаларға SMS-кодтар мен жеке деректерді бермеу;
- телефон арқылы алынған ақпараттың шынайылығын тексеру;
- күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда өз медициналық ұйымына немесе құқық қорғау органдарына жүгіну.
Өз тіркеліміңізді eGov.kz / eGov Mobile немесе Damumed арқылы өз бетіңізше тексеру ұсынылады.
Медициналық ұйымдарға қабылдауға жазылу eGov.kz / eGov Mobile порталы, медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары, сондай-ақ телефон арқылы тіркеу бөліміне хабарласу арқылы жүзеге асырылады. SMS-кодтар пациенттерге тек цифрлық сервистерге авторизация кезінде ғана жіберіледі. Медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы SMS-код сұрамайды, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазіргі уақытта олардың дерегінше, пациенттердің қабылдауын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін бұзу немесе рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелмеген.
Азаматтардан жеке деректердің сыртқа шығуы мүмкін деген ресми шағымдар түскен жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарды тарта отырып тексеру жүргізіледі.