Денсаулық сақтау министрі Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына шұғыл жеткен.

 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков Бүгiн 2026, 14:36
Бүгiн 2026, 14:36
248
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Щучинскідегі «Центр плова» дәмханасында болған жарылысқа қатысты пікір білдірді. Оқиғаның егжей-тегжейі туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Щучинск қаласында газ баллонының жарылуы салдарынан адамдардың қаза тауып, дәмханаға келушілердің зардап шегуіне байланысты болған қайғылы жағдайға орай, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл орны толмас қаза. Біз сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз және бірге аза тұтамыз, - деді министр. 

Оның айтуынша, оқиға болған алғашқы минуттардан бастап медициналық қызметтер толық көлемде жұмылдырылған.

Жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына шұғыл жетіп, 13 зардап шегуші шұғыл түрде стационарларға жеткізілді. Алты адам тексеруден өтіп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емделуге жіберілді. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған пациенттер барлық қажетті медициналық көмекті алуда. Жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттер анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде тәулік бойы бақылауда болады. Жағдайы ең ауыр пациенттерді облыс орталығына эвакуациялау ұйымдастырылды, реанимациялық бригадалардың жұмысы мен бейінді мамандарды тарту қамтамасыз етілді, - деді Ақмарал Әлназарова. 

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырғанын, әрбір зардап шегушіге барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсету үшін тиісті шаралардың бәрі қабылдантынын айтты.

Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.

 

Наверх