Қызылорда облысына жұмыс сапарын Денсаулық сақтау министрі ауылдық денсаулық сақтау нысандарына барудан бастады, Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуына дайындықпен танысты.
75 мың тұрғынға қызмет көрсететін Жаңақорған орталық ауруханасына барған кезде ведомство басшысы патронаж қызметінің жұмысын жақсарту қажеттігін атап өтті, нәресте өлімінің профилактикасы, жүктілік кезеңінде сапалы акушерлік көмекті қамтамасыз ету, әйелдер денсаулығын нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сапар барысында Ақмарал Әлназарова аудандық емхананың пациенттерімен әңгімелесті, халықтың денсаулығын сақтау ведомствосының тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Өз кезегінде ауыл тұрғындары Денсаулық сақтау министрі мен өз ауданының медицина қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Шиелі ауданының 78 мың тұрғыны медициналық көмек алатын орталық ауруханасында министр бастапқы буынның жұмысымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерімен, арнайы мамандардың қолжетімділігімен, скринингтік бағдарламалардың тиімділігімен танысты.
Жаңақорған ауданындағы «Қамқорлық» орталығында министрге церебралдық сал ауруы және тірек-қимыл аппараты аурулары кезінде омыртқа мен буындардың жүру және қозғалу дағдыларын қалпына келтіре отырып, неврологиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық науқас балалар үшін оңалту іс-шаралары қалай жүргізілетінін көрсетті. 50 төсектік орталықтың базасында дефектолог, логопед, психолог, физиотерапевт, кәсіптік терапевт сияқты мамандар көзделген, сондай-ақ механотерапия, бальнеотерапия, емдеу-профилактикалық, шунгитті, тұзды, сенсорлық және интерактивті бөлмелер жұмыс істейтін болады.
Қызылорда қаласында министр облыстық көпбейінді аурухананың жұмысымен танысты, атап айтқанда, 70 төсектік перинаталдық орталықты аралап көрді.
Содан кейін ведомство басшысы халықпен кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдады және брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.