Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, медициналық инфрақұрылымды дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірлерге инвестиция тарту мен тұрақты өсуді қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде 479 МСАК нысандарының құрылысы аяқталды. Бұл ретте бұрын медициналық нысандар болмаған ауылдарда 178 нысан салынды. 301 нысан ескірген және бейімделген нысандардың орнына салынған. 2025 жылдың соңына дейін тағы 176 МСАК нысанын аяқтау жоспарлануда, - деді вице-министр.
Ұлттық жоба аясында 5 климаттық және сейсмикалық аймақ бойынша эталондық жобалар әзірленген.
Жобалау мерзімдерін оңтайландыруға, МСАК нысандарын жобалау мен салуда шамамен 16,5 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ ұлттық оператор әзірлеген эталондық жобаларды қолданудың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Эталондық жобалардағы отандық тауар өндірушілердің үлесі 80%-дан асты. Маңызды мәселе өңірлерде кадрлармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шаралары. Мәселен, ауылдық жерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау мамандарына әлеуметтік қолдау «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының шеңберінде көрсетіледі. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді, - деді Тимур Мұратов.