Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денис Теннің өліміне қатысты сотталған Жанар Толыбаева босатылды. Айыпталушының жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Бұл туралы Жоғарғы сот аппараты мәлімдеді.
Қаңтар айында сотталған Жанар Толыбаева ҚК-нің 73-бабы негізінде жазаны өтеу орны бойынша сотқа жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтініш бергені белгілі.
Алматы облысы Іле аудандық сотының 2020 жылғы 6 қаңтардағы қаулысымен бұл өтініш қанағаттандырылды. Жазаны өтеуді бақылау пробация қызметіне жүктелген, - деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ, Денис Теннің анасы, жәбірленуші Оксана Тен де сот актілерін қайта қарау туралы өтініш берген. Алайда Жоғарғы сот одан бас тартты.
Айта кетейік, Жанар Толыбаева Денис Тенді өлтіру ісі бойынша қамауға алынған болатын. 2019 жылдың қаңтарында сот оны 434-бабы бойынша («қылмыс туралы хабарламау») кінәлі деп тауып, орташа қауіпсіздік мекемесінде төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сол жылдың наурыз айында Толыбаева Алматы колониясында сәбиін дүниеге әкелді. Бала дүниеге келген соң бір аптадан кейін апелляциялық алқа оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырды.
Айта кетейік, қылмыстық істің басты фигуранттары Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Құдайбергенов ҚР ҚК 188 («ұрлық»), 99 («адам өлтіру») және 192 («қарақшылық»)-баптары, Қиясов «кісі өлтіру» және «қарақшылық» баптары бойынша сотталды.