"Денесін суға лақтырған". Грузияда қазақ журналистінің өліміне кінәлі адам ұсталды

19 Маусым 2023, 13:39
5286
Бөлісу:
"Денесін суға лақтырған". Грузияда қазақ журналистінің өліміне кінәлі адам ұсталды
Фото: Facebook/Ерболат Алтайұлы

Қазақстандық журналист Жанбота Төлеген Грузияда қаза болды. Бүгін оның өліміне қатысты тың деректер анықталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы Грузия Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

Грузия ІІМ Кахетия полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Г.Х. есімді азамат ұсталды. Ол қасақана өлтірді деген күдікпен құрықталды.

Қасақана өлтіргені дәлелденсе, күдікті 10-15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес Сагареджо муниципалитетінде күдікті жанжал барысында өзінің бұрынғы танысы - қазақстандық Жанбота Төлегенді қолындағы өткір емес затпен ұрған. Салдарынан ауыр соққыдан әйел қаза болған. Ресми деректер бойынша күдікті қылмысын жасыру мақсатында әйелдің денесін суға лақтырып жіберіп, қылмыс орнынан бой тасалаған. Құқыққорғау органдары күдіктіні ұстады. Қасақана адам өлтіру фактісі бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 108-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл осы елдегі Қазақстан азаматтарының өлімі тіркелген бірінші қайғылы оқиға емес. 2021 жылғы 5 мамырда Грузияда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаеваның денесі табылғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша ол 9-қабаттан секіріп мерт болған. Зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болған қыздың өлімі көпшіліктің наразылығын тудырды. Кейіннен Әсел өлерінің алдында құрбысына аудиожазба жібергені, онда оны осындай жағдайға жеткізген адаммен әңгімесі жазылғаны анықталды. Белгілі болғандай, ол алдымен туысқанынан, кейіннен Грузия азаматынан сексуалдық зорлық-зомбылық көріп, өз-өзіне қол жұмсауға бел буған. Бұл іске қатысты СІМ мәлімдеме жасап, қайғылы оқиға елшіліктің ерекше бақылауына алынғаны анықталды. 8 мамырда Әселдің өліміне кінәлі адам ұсталып, Грузияның Бас прокуратурасы ұсталған күдіктіге зорлау және өзін-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу ісі бойынша айып тақты. 

Өзгелердің жаңалығы