Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалына шыққан Демеу Жадыраев шағын сұхбат беріп, бүгінгі жекпе-жектерін қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім, - деп атап өтті балуан.
Сонымен қатар спортшы финалға жолдама алған белдесуінде қандай тактикамен күрескеніне тоқталды.
Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты. Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз, - деді Жадыраев.
Еске сала кетейік, Демеу Жадыраев бүгін әзірбайжандық Санан Сулеймановты жеңіп, финалға жолдама алды.