Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы демалыс күндері Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының фермерлері Нұр-Сұлтандағы жәрмеңкеге 732 тонна өнім әкеледі.
Келушілер қатаң санитарлық нормаларды сақтауы керек деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
26 және 27 қыркүйекте «Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанындағы учаскеде (Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысы) Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді.
Жалпы құны 421 миллион теңгеден асатын 732 тонна ауылшаруашылық өнімін сату жоспарланған. Осылайша, фермерлер 293 тонна картоп пен көкөніс, 117,5 тонна ет және ет өнімдерін, 50 тонна сүт өнімдерін, 45 тонна бал, 40 тонна ұн, 10 тонна өсімдік майы, 9,3 тонна балық, 8 тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 1,5 тонна жарма және 20 тонна басқа өнімдерді ұсынады.
Бірқатар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тауық еті мен жұмыртқа қауіпсіздік мақсатында жәрмеңкеде сатылмайды.
Жалпы, өңірлер тауардың 65 түрін нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен бағамен әкеледі.
Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңкеге келушілер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы: маска тағып, қашықтық сақтап, міндетті түрде антисептик қолдануы керек.