Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Дем» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
22 жоба ұсынылды
Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешовтің айтуынша, «Дем» жобасы ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты жою және олардың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Былтыр облыста осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған.
Биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған «Дем» бағдарламасы іске асырылуда. Біз биыл ауыл-аймақтарда тұратын 35 жасқа дейінгі жастардың санын, олардың қандай еңбекпен немесе кәсіппен шұғылданатын біліп, ауыл жастарының паспортын жасақтадық. Міне, осындай жүргізілген сараптау жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 12 аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жасты анықтадық. Жұмыссыз жастардың ішінен 22 адам «Дем» жобасының бірінші кезеңіне қатысып отыр. Оларға жыл басында ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша тегін кеңестер берілді. Қазір жобаға қатысушылар мемлекеттен тарапынан берілетін қолдауға ие болып жатыр, — дейді ол.
Қаз өсіріп, ешкі бағады
Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тұрғыны Мұхамбетжан Мұхамедияров «Дем» жобасына қатысуға құжаттарын тапсырыпты. Ол ауылдағы үйін кепілдікке қойып, мемлекеттен несие алмақ. Құжаттары қабылданып, несие алса, 10 бас ешкі және 200 қаз сатып алуды жоспарлап отыр.
Ауылымызда 60-70 түтін бар. Тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Бірнеше жылдан бері ауылда жұмыс жоқ, бос жүрмін. Осы жоба туралы естіп, қатысуға ниет білдірдім. Жыл басында Ақтөбе қаласына барып, бес күн арнайы оқытудан өттім. Оған облыс бойынша аудандардан отыз шақты жас қатысты. Ендігі жоспарым — несиеге ешкі мен қаз сатып алып, шаруашылығымды ашу. Ауылда шаруаны дамытуға мүмкіндік мол. Қорамызда сиыр, қой, жылқымыз бар. Енді ешкі алып, оның сүтін өңдеп сатқым келеді. — дейді ол.
Оның айтуынша, ешкінің сүтінің пайдасы зор. Оны әсіресе балаларға берсе, емдік қасиеті көп. Ешкі сүтінің құрамындағы темір ірі қараның сүтіне қарағанда әлдеқайда тез сіңеді. Күз, көктем айларында иммунитеті әлсіреген адамдар ешкі сүтін ішсе денсаулығы түзеледі.
Негізгі мамандығым — механик. Ойыл аграрлық колледжін аяқтадым. Ауылды түлетіп, мал, құс шаруашылығын дамытуға үлес қосқым келеді. «Дем» жобасы біз сияқты жастарға үлкен демеу болары сөзсіз, — дейді ол.
Әлішердің жоспары
Ал Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылының тұрғыны Әлішер Артықбаев өз үйінің жанынан жер алып, жылыжай салуды жоспарлап отыр. Ол жыл басында аталған жоба аясында өз бизнес-жоспарын әкімдікке тапсырған. Жуырда жоба аясында жалпы мөлшері 4 миллион теңге несие алыпты. Енді алған қаржысына жылыжай салып, керекті құрал-жабдықтар сатып алмақ.
Ауылымызда бұрын-соңды болмаған ерекше жылыжай салуды жоспарлап отырмын. Оның жалпы аумағы 220 шаршы метр болады. Қазір жер алу үшін құжаттар тапсырып жатырмын. Жылыжайда көк, ақжелкен, аскөк, жалбыз, базилик, салат жапырағы сияқты күнделікті ас дайындауға қажетті көктің түрлерін өсіретін боламын. Мұның тиімділігі сол бұлар көп күтімді қажет етпейді, машақаты аз, — дейді ол.
Бүгінге дейін жұмыссыздар «тізімінде» болған жас жігіт енді ауыл кәсіпкерлерінің қатарына қосылмақ. Жылыжай жұмысын бастаған соң ол екі адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Оның бірі агроном болса, екіншісі — сатушы. Екеуі де ауыл тұрғыны.
Дайын өнімдерімді аудан орталығындағы, сондай-ақ тапсырыс берген мейрамханалар мен кафелерге тапсыратын боламын. Жалпы көк өнімдері сұранысқа ие. Оларды тұрғындар қысы-жазы ас дайындауға қолданады. Сондықтан бұл жобамның берері мол болады деп ойлаймын. Жастарға осындай мүмкіндік жасап отырған облыс әкімдігіне алғысым шексіз, — дейді Әлішер.
Құрт өсіретін Жанат
Алға ауданы Бесқоспа ауылдық округінің тұрғыны Жанат Оразалиева «Дем» жобасының арқасында шығыны аз, кірісі мол калифорниялық құрт өсіруді таңдапты. Ол ауылында қызыл құрт өсіріп, «биогумус» деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығаруды жоспарлап отыр.
Құрт өсіру ісі еліміздің оңтүстігінде кеңінен таралған. Ал біздің Ақтөбе өңірінде мұндай органикалық тыңайтқыш өндіру ісі кенже қалған. Мұндай құрттар — егіннің қай түріне де жарамды, өсімдіктердің «иммунитетін» көтеретін әлемде баламасы жоқ тыңайтқыш. Мұндай құрттарды өсіруге артық ақшаның қажеті жоқ, бар болғаны ағаштың жапырағы мен малдың қиы керек, олармен сонымен қоректенеді, — дейді ол.
Жанат жоба аясында алған қаржысына бір шаршы метр шылаушын сатып алып, құрттарды 10 шаршы метрге салып өсіретінін айтады. Жарты жылдан соң бұл аумақтың ауқымы кеңейеді. Осылайша қызыл құрттың да саны көбейеді. Өздігінен көбеюге бейім калифорниялық құрттар негізінен жауын құрты мен шұбалшаңның будандастырылған түрі екен. Оның адамдарға келтірер залалы жоқ. Небәрі жақсылап күтіп, баптау қажет.
Құрттың бұл түрі ылғал топырақта өмір сүреді. Оны егін егетін алқаптарға жіберсе, өнімнің шығу көрсеткіші екі есеге артады. Мұны егінмен айналысатын шаруалар жақсы біледі. Егер жоспарым іске асып жатса, болашақта осындай шаруашылықтарға құрттарымды сатып, пайда тапқым келеді. Ерекше кәсібімді кеңейтіп, облыста осы саланы дамытуға өз үлесімді қоссам деймін, — дейді Жанат Оразалиева.
Айта кету керек, «Дем» жобасына қатысушы ақтөбелік жастар алдағы уақытта өздері тұратын елді мекендерде мал соятын орын, көкөніс жылыжайын, сұлулық салонын ашып, асыл тұқымды мал, күркетауық, бройлер тауығы, бөдене өсірумен айналысатын болады. Сондай-ақ бірқатары сүт өңдеуді де қолға алмақ. Ең бастысы, жастардың ниеті түзу, ал олардың жоспарлары орындалу үшін мемлекет тарапынан қолдау мен демеу қажет.