Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының жарияланған жаңа есебіне сәйкес, әлемде қызылшаның өршу қаупі хабарланған жағдайлардың төмендеуіне қарамастан артып келеді.
Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Құжатта 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты қызылшаға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 22 миллионнан астам нәресте өткізіп алды, бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 3 миллионға көп. Бұл соңғы екі онжылдықтағы ең үлкен өсім және аурудың жаңа ошақтары үшін қауіпті орта жасайды. Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда 2020 жылы тіркелген қызылша ауруы 80%-дан астамға азайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы бір жылда қызылша ауруын бақылау нашарлады деп есептейді. Қызылшаның ірі ошақтары қазірдің өзінде 26 елде болды және 2020 жылы барлық тіркелген жағдайлардың 84%-ын құрады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы балалардың 70%-ы ғана қызылшаға қарсы екпенің екі қажетті дозасын алған, ал балалардың 95%-ы аурудың таралуынан қорғау үшін толық вакцинациялануы қажет. Сонымен қатар COVID-19 пандемиясына байланысты 23 елде 2020 жылға жоспарланған қызылшаға қарсы 24 егу науқаны кейінге қалдырылды. Салдарынан 93 миллионнан астам адам ауруға шалдығу қаупіне ұшырады.