ДДСҰ: Конгода Эбола жұқтырғандар саны 5 мыңнан асты

Тьерно Бальденің айтуынша, індеттің аумақтық таралуына адамдардың бақылаусыз жүріп-тұруы себеп болған.

 istockphoto.com 19 Тамыз 2026, 11:28
19 Тамыз 2026, 11:28
122
Фото: istockphoto.com

Бундибугйо вирусымен күрес шараларын үйлестіретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) тобының жетекшісі Тьерно Бальде Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола жұқтырғандар саны 5 мыңнан асып, 2 мың адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.

Бальде КДР-дан онлайн форматта БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің апта сайынғы баспасөз мәслихатына қатысты. Ол кейінгі уақытта Эбола індетінің ең жылдам тараған кезеңіне қатысты пікір білдірді.

Екі күн бұрын КДР-дың алты провинциясында ауру жұқтырғандар саны 5 мыңнан, ал қайтыс болғандар 2 мыңнан асты, – деді Бальде.

Оның айтуынша, індеттің аумақтық таралуына адамдардың, ең алдымен науқастардың, ауру тіркелген аудандар мен көршілес өңірлер арасында бақылаусыз жүріп-тұруы себеп болып отыр.

Бальде КДР Денсаулық сақтау министрлігі мен оның серіктестерінің індет тараған барлық ауданда тиісті шараларды жүргізуге мүмкіндігі шектеулі екенін айтты.

Осы қиындықтарға қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен індеттің таралу қарқыны мен ауқымына сай әрекет ету үшін қабылданып жатқан шараларды күшейтіп жатырмыз. Жұмысты орталықсыздандырып, жергілікті қауымдастықтарға жақындатып келеміз. Осылайша дағдарысқа бірлесіп қарсы тұрып жатырмыз, – деді ол.

Мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылады

Эпидемиологиялық бақылау мүмкіндіктері де кеңейтілген. ДДСҰ қолдауымен тағы 100 эпидемиологты тартып, қоғамдық денсаулық сақтау саласының мыңнан астам қызметкерін жұмылдыру жоспарланып отыр. Олар індет салдарымен күресіп жүрген мамандарға қосымша күш болмақ.

Бальденің айтуынша, Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысымен бірлесіп, індеттен зардап шеккен барлық медициналық ауданда марқұмдарды қауіпсіз әрі лайықты жерлеу мүмкіндігін кемінде екі есе арттыру көзделген.

Серіктестерімізбен бірге төсек-орын санын да жылдам көбейтіп жатырмыз. Жұмыс басталған кезде бірнеше ғана төсек болған еді, қазір олардың саны 1300-ден асты. Тағы жүздеген төсек әзірленіп жатыр. Алдағы айларда сыйымдылықты 3 мың төсекке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Бальде.

Сондай-ақ науқастарға көмек көрсететін медицина және күтім қызметкерлерін оқыту жоспарланған.

Оның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, қажетті қарқынға жету әзірге мүмкін болмай отыр. Бұған қоса, мамандар індет тараған аумақтарға қол жеткізу және жергілікті тұрғындардың қабылдауы мәселесінде қиындықтарға тап болып отыр.

Эбола Африкада мыңдаған адамның өмірін қиды

Геморрагиялық қызбаның бір түрін тудыратын Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы Суданның Нзара қаласы мен КДР-дағы Ямбуку ауылында бір мезгілде болған індет кезінде анықталған.

КДР-дағы індет Эбола өзеніне жақын орналасқан ауылда басталғандықтан, вирус осы өзеннің атауымен аталды.

2013 жылдың желтоқсанында Эбола вирусы Батыс Африкада тарала бастады. 2014-2017 жылдары Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде болған індет кезінде 30 мың адам вирус жұқтырып, 11 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

15 мамырда КДР-дың шығысындағы Итури провинциясында ауру жұқтырды деген күдікпен 246 жағдай және 65 өлім тіркелгеннен кейін елде эпидемия жарияланды.

Денсаулық сақтау органдары өкілдерінің мәліметінше, мамыр айында тарала бастаған Эболаның «Бундибугйо» штамына қарсы мақұлданған ем немесе вакцина жоқ.

Наверх