Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ДДСҰ: Еуропада жыл сайын 800 мыңға жуық адам алкогольден көз жұмады

Бүгiн, 08:32
161
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы алкоголь тұтынудың қауіпті салдары туралы кезекті рет ескерту жасады. Ұйымның 2019 жылғы деректеріне сәйкес, Еуропада жарақат пен зорлық-зомбылық салдарынан тіркелген әрбір үшінші өлім алкогольмен байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

Статистикаға сай, аймақта алкоголь әсерінен шамамен 145 мың адам жарақат салдарынан көз жұмған. Ең жиі кездесетін жағдайлар – өзіне зиян келтіру, жол-көлік оқиғалары және құлау. Жалпы алғанда, алкоголь жыл сайын Еуропада 800 мыңға жуық өлімге себеп болады, бұл әрбір 11-ші өлім деген сөз.

ДДСҰ мамандары алкогольдің реакцияны бәсеңдетіп, ойлау мен өзін-өзі бақылау қабілетін төмендететінін, соның салдарынан қауіпті мінез-құлық пен жазатайым оқиғаларға әкелетінін атап өтті. Әсіресе жастар үшін қауіп жоғары: алкоголь жасөспірімдер мен жас ересектер арасында мезгілсіз өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр.

Сонымен қатар, алкоголь тұлғааралық зорлық-зомбылықтың басты факторларының бірі саналады. 2019 жылы тіркелген адам өлтіру мен тұрмыстық зорлық-зомбылық өлімдерінің 40 пайыздан астамы алкогольмен байланысты болған.

ДДСҰ алкогольдің зиянын азайту үшін алкогольге салықты көтеру, сату мен жарнаманы шектеу, мас күйінде көлік жүргізуге бақылауды күшейту және ерте медициналық скрининг жүргізу сияқты тиімді шараларды ұсынады.

Ұйым мереке күндері алкогольді шамадан тыс тұтынбауға, мас күйінде көлік жүргізуден бас тартуға шақырып, бұл қарапайым қадамдар мыңдаған жарақат пен өлімнің алдын алуға көмектесетінін еске салды.

Өзгелердің жаңалығы