Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Қазақстан - коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы елдердің бірі. Біздің вакцинамыз қауіпсіз әрі тиімді екеніне ешқандай күмән жоқ. Қазақстандық вакцинаға өзге мемлекеттер де сұраныс білдіріп жатыр. Елімізде вакцина қоры жеткілікті. Азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпей отыр, - деді ол.
Тоқаев елімізде жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатса да, қоғамда оған қарсы адамдар көп екенін айтты.
Олар өздері бас тартып қана қоймай, өзгелерді насихаттауда. Ондай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы адамдардың жетегінде кетпеген дұрыс. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойғанын түсіну керек. Алдағы уақытта коронавирустың басқа да штамдары пайда болуы мүмкін. Біз оларды күтіп отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. ДДСҰ-да тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алуға дайындаған жөн. Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрылуы тиіс. Бұл шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын, - деді ол.
Айта кетейік, Президенттің Жолдауы барлық республикалық телеарна мен негізгі радиостансалардан онлайн көрсетіліп жатыр.