Жаңа респираторлық патогеннің пайда болуы COVID-19 пандемиясының салдарымен салыстыруға болатын зардаптары бар пандемияға әкелуі мүмкін.
Жаңа ықтимал қауіп туралы 2026 жылғы 25 қыркүйекте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. Report.az хабарлауынша, Гебрейесус Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген.
Мені түнде ұйықтатпайтын мәселелердің бірі – жаңа респираторлық патогеннің пайда болу мүмкіндігі. Ал бұл, өз кезегінде, COVID тудырған салдарға ұқсас зардаптарға әкелуі мүмкін, – деді ДДСҰ басшысы.
25 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының пандемиялардың алдын алу, оларға дайындық және ден қою мәселелері жөніндегі екінші жоғары деңгейдегі отырысы да өтті. ДДСҰ мәліметінше, кездесу болашақ пандемиялар мен денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға халықаралық дайындықты күшейтуге арналды.
Гебрейесус мәселе келесі пандемияның бола ма, жоқ па дегенде емес, оның қашан болатынында екенін атап өтті.
Келесі пандемия – "егер орын алса" деген мәселе емес, "қашан орын алады" деген мәселе, – деді ДДСҰ бас директоры.
Тедрос Адханом Гебрейесус сондай-ақ жұқпалы аурулардың жалғасып жатқан өршуі жаңа қауіптерге дайындалу қажеттігін еске салатынын атап өтті. Атап айтқанда, ол Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола безгегінің өршуін мысалға келтірді.
Бұған дейін ДДСҰ елдерді эпидемиологиялық қадағалау жүйелерін күшейтуге және болашақ пандемияларға дайындықты арттыруға бірнеше рет шақырған болатын. Ұйым жаңа қауіптерге ден қою үшін қажетті патогендер туралы ақпарат алмасу және медициналық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық тетіктерді әзірлеу жұмыстарын да жалғастырып келеді.