Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен тәулікте әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша антирекорд орнатылды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Соңғы 24 сағатта 290 мың 722 жаңа дерек тіркелді. Сөйтіп бүкіл әлемде расталған оқиғалар саны 17 миллионнан асып кетті. Солардың көбі бұрынғысынша АҚШ-та. Еуропадағы жағдай да мәз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы Кәрі құрлықта вирустың қайта өршуіне жастар жағын кінәлап отыр. Латын Америкасында эпидемиологиялық ахуал өршіп барады.Соңғы тәулікте бүкіл әлемде 7 мыңнан аса адам індетпен күресе алмай, көз жұмды. 238 мың адам емделіп шыққан. Өкінішке орай, бір тәулікте айығып шыққандар саны жұқтырғандар санынан аспады.
Әлемде вирусты жұқтырғандар жағынан да, көз жұмғандар жағынан да АҚШ бірініші орында тұр. Мұнда 4 жарым миллионнан аса дерек расталған. Негізі бұған дейін сарапшылар қазанға дейін АҚШ-та құрбандардың саны 200 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжамдар айтқан еді. Қазірдің өзінде мұнда 150 мыңнан аса тұрғын індеттен көз жұмды. Жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен кейін өлім көрсеткіші бойынша үшінші орында енді коронавирус тұр.
Соңғы тәулікте 6 бірдей штатта жаңа оқиғалар саны бойынша антирекорд орнатылды. Бұл елдің шығысы мен батыс жағалауындағы өңірлер. Бірақ өзге штаттардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Мәселен, жексенбіде Аляскада 200-ден аса дерек тіркелді. Бұған дейін мұнда ұзақ уақыт бойы тәулігіне ондаған оқиға ғана расталып келген еді. АҚШ-тағы штаттардың көбі тұрғындарынан қоғамдық орында маска тағып жүруін талап етеді. Ал вирусологтар сақтық шараларын елемейтін болсақ, алдағы уақытта құрбандар саны әлдеқайда артады деп дабыл қағып отыр.
Оңтүстік өңірдегі штаттарда вирус қайта өршіп кетті. Өзге аймақтарда мұндай жағдайды болдырмау үшін небәрі 5 нәрсені естен шығармаған жөн. Бұл – маска тағу, көп кісі боп жиылмау, арада 3 метр қашықтық сақтау, барларды жауып, қолды жиі жуып отыру. Осы бес ережені орындау керек, – дейді АҚШ-тың бас эпидемиологы, Энтони Фаучи.