Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдар әзірлеген коронавиурстық инфекцияға қарсы инактивацияланған вакцинаны тіркеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық ғалымдар өздері дайындап шыққан COVID-19 пандемиясына қарсы инактивацияланған вакцинаны клиникаға дейінгі сынауды бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеп, оны ресми сайтында COVID-19-ға қарсы клиникаға дейінгі зерттеулерге рұқсат етілген вакцина кандидаттарының тізіміне орналастырды, - делінген хабарламада.
Вакцинаны Қазақстан аумағында ауырғандардан бөлінген вирус штамының негізінде ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлегені нақты көрсетілген. Енді институт ғалымдары клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар жүргізуі керек.
Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина әзірлеушілер қатарына кірді, - деп атап өтті министрлік.