Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасында үшінші жекпе-жек жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Бұдан бұрын екі жақ ортақ келісімге келе алмай, айқас өткізетін алаңға қатысты қарама-қайшылық туындаған болатын. Өйткені, Golden Boy мен «Канело» жекпе-жекті Лас Вегаста өткізгісі келеді, ал Головкин бұған түбегейлі қарсы.
Осыған қатысты DAZN стриминг платформасының атқарушы директоры Джон Скиппер түсінік берді. Еске сала кетейік, қос боксшы да осы сервиспен келісімшартқа отырған.
«DAZN платформасының жетекшісі Джон Скиппер «Канело» мен Головкиннің үшінші рет қолғап түйістіруін талап етіп отыр. Ол спортшылар үшін келесі жекпе-жек болуы керек және тезірек өтуі керек, себебі стриминг-сервис екі боксшымен де қомақты келісімшарт жасаған. Сондықтан жазылымдарды көбейту үшін бұл айқас платформаға өте қажет», - деп жазады Boxingscene.com