Дайындық, мониторинг, кері байланыс: Үш министрлікке үш тапсырма берілді

20 Ақпан 2024, 11:36
463
Бөлісу:
Дайындық, мониторинг, кері байланыс: Үш министрлікке үш тапсырма берілді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында су тасқынына дайындық жүргізу үшін үш министрлікке үш тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі, аса қауіпті учаскелердің маңында қажетті материалдар қорын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді-мекендерді алдын ала айқындап, ондағы азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорын дайындау қажет, - деді ол.

Сонымен қатар Бектенов елдің шығыс, солтүстік және орталық өңірлеріндегі өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге дайындалған жөн екенін ескертті.

Екінші. Ақпарат министрлігімен бірлесіп, бүгіннен қалдырмай халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастау қажет. Халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек көрсету туралы өтініштері бірден қаралуы тиіс. Үшінші. Көлік министрлігі жолдар мен көпірлердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізсін, - деп тапсырды Премьер-министр әріптестеріне.

Жолдарды су шайып кеткен жағдайда, оларды жедел қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шара қабылдауды тапсырды. Бақылауды Роман Скляр жүргізеді.

Еске салсақ, үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атап, министр еліміздегі су тасқыны жағдайына дайындығы жайлы баяндап берген болатын. Сонымен қатар Олжас Бектенов су тасқыны проблемаларын біле тұра, ешқандай шара қабылдамайтын әкімдерді сынаған еді.

Өзгелердің жаңалығы