Дайрабаев: Өндіріс интеграциясы-аграрлық Қазақстанның табысты дамуының негізі

5 Қараша 2022, 18:44
1028
Бөлісу:
Дайрабаев: Өндіріс интеграциясы-аграрлық Қазақстанның табысты дамуының негізі

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат өзі білім алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттерімен, оқытушыларымен және қызметкерлерімен, сондай-ақ курстастарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында ол өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті 1930 жылы құрылған және бүгінде ел экономикасының аграрлық секторы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау бағытындағы жетекші жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта білім ордасында 2 мыңнан астам қызметкер еңбек етсе, 8000-нан астам студент оқиды. Сонымен қатар, жұмысқа орналасу деңгейі 75% - дан асады, бұл қазіргі еңбек нарығындағы өте жоғары көрсеткіш.

Университеттің бірегейлігі аграрлық ғылымның, білім мен өндірістің тығыз байланысты болуында. Студенттер, магистранттар және докторанттарды оқыту бағдарламасы олардың ғылыми зерттеулерге және ғылыми-техникалық жобаларға белсенді қатысуына негізделген.

Қазақстанда аграрлық ғылым, ғалымдар бар екендігін айту керек. Өкінішке орай, олардың ғылыми-зерттеу қызметінің сапалы нәтижелері аграрлық өндіріске жетпейді. Іске асыру жүйесі жұмыс істемейді. Фермерлерге жаңа технологиялар мен тұқымдар туралы білім беру орталықтарын құруға ерекше назар аудара отырып, осы бағытта түбегейлі өзгерістер жасау қажет. Нақты жұмыс істейтін ғалымдар лайықты жалақы алуы үшін аграрлық ғылымды қаржыландыру жүйесін өзгертуіміз тиіс. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыратын агроқұрылымдарды ынталандыру мәселелері бойынша заңнамадағы өзгерістерді қисынды соңына дейін жеткізу қажет. Ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыру кешенді және жүйелі болғаны абзал. Ғылыми мекемелер жұмысын тоқтатуға рұқсат беретін шенеуніктер жауапкершілікке тартылуы тиіс, – деді Жигули Дайрабаев.

Өзгелердің жаңалығы