Бүгін еліміз үшін маңызды оқиға — Президентті кезектен тыс сайлау басталды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ел тағдырын шешетін бұл науқаннан тыс қалмады. Ұлттық ұланның жеке құрамы өз таңдауларын жасап, дауыс беруді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, таңғы сағат 6.00-де 5573 әскери бөліміндегі №226 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов келіп, өз дауысын берді.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері барлық уақытта жоғары азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рух танытады. Ұлттық ұлан еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына жауап беретін әскери құрылым. Бүгінгі сайлауға әрбір әскери қызметші белсенді қатысып, өз кандидатына дауыс беретініне сенімдімін, - деді генерал-майор Еркін Ботақанов.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Үмбетовтың айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары болды. Сайлауға тек әскери қызметшілердің өздері ғана емес, олардың отбасы мүшелері де белсенді қатысты.
Әскери бөлімдердің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгерлері мен Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары әскери қалашықтар аумағындағы 36 сайлау учаскесінде дауыс берді. Олардың арасында дауыс беруге алғаш рет қатысқандар көп. Алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Тұңғыш рет дауыс берушілердің бірі — 5573 әскери бөлімінде өзінің азаматтық борышын атқарып жүрген қатардағы Мәди Құттыбай.
Мен, Қазақстан азаматы ретінде, еліміздің Президентін сайлауда дауыс беріп, азаматтық парызымды орындағым келеді және осы арқылы мемлекетімізде жасалып жатқан оң өзгерістерге үлес қосамын деп сенемін, - дейді жас сарбаз.
Қатардағы Маматали Тойберген де бірінші рет дауыс беріп тұр.
Әскерде өткен кезеңде біз қоғамдық тәртіптің маңыздылығын және әскери қызметтің қыр-сырын, тұрақтылық пен ынтымақтастықтың — баға жетпес құндылық екенін түсіндік. Осының арқасында елімізде бейбіт өмір мен келісім орнады. Мен мұны мақтан тұтамын! - дейді ол.
Біз дауыс беруді қорытындыладық. Ұлттық ұланның барлық сайлау учаскелерінде жеке құрам еліміздің болашағы үшін өз дауыстарын берді. Ешқандай құқық және ереже бұзушылықтар анықталған жоқ, - деді полковник Қайрат Үмбетов.