Қазақстандағы сайлау барысын 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 халықаралық байқаушы бақылап отыр. Бұл – осы сайлау науқанына қатысып отырған халықаралық байқаушылардың рекордтық көрсеткіші.
Байқаушылар миссиясының құрамына Қазақстан ынтымақтастық орнатқан негізгі халықаралық ұйымдардың өкілдері кірген. Атап айтқанда, ТМД байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі мен Түркі академиясының өкілдері сайлау барысын қадағалап отыр.
Халықаралық миссиялардың кең құрамы дауыс беру процесін саяси жүйесі мен сайлауды бағалау тәсілдері әртүрлі елдердің өкілдері бақылап отырғанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, еліміздегі қоғамдық ұйымдар атынан 80 мыңға жуық байқаушы тартылған. Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары жалпы 258 ұйымды аккредиттеген.
Сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз ету шаралары Орталық сайлау комиссиясының жұмысында да қарастырылған. ОСК отырыстарына халықаралық байқаушылар, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ отырыстарға еліміздің барлық өңіріндегі аумақтық сайлау комиссиялары онлайн форматта қосылды.
Орталық сайлау комиссиясының отырыстары интернетте тікелей эфирде көрсетілді.