Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәулеталин: Экономикалық өсім халықтың қалтасынан көрінуі тиіс

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
6 Қаңтар 2026, 14:25
714
Бөлісу:
 Сарапшының жеке архиві
Фото: Сарапшының жеке архиві

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты” атты бағдарламалық сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Федерация төрағасының айтуынша, шамамен екі миллион қызметкерді біріктіретін кәсіподақ Президенттің стратегиялық бағытын толық қолдайды.

Жалпы ой анық әрі байыпты жеткізілген. Экономика өсіп келеді, көрсеткіштер жаман емес, алайда қарапайым адам үшін ең маңыздысы – бұл сандардың күнделікті өмірде нақты сезілуі, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол Мемлекет басшысының реформалардың қайтымсыздығы, салық реформалары және экономикалық өсімнің азаматтардың әл-ауқатымен қатар жүруі тиіс деген ұстанымдарын ерекше атап өтті.

Егер бағаның өсуі халықтың табысын жеп қойса, адамдар ешқандай өзгерісті сезбейді. Сондықтан негізгі міндеттердің бірі – бағаны тежеу, бюджет қаражатын ұқыпты пайдалану және қабылданған шешімдердің нәтижесі азаматтардың қалтасынан көрінуі, – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин жұмысшы және техникалық мамандықтарға, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударуын жоғары бағалады.

Цифрлық трансформация – бұл еңбек құқықтарын қорғау, ашықтықты арттыру және адамдармен тікелей диалог жүргізу үшін нақты қажеттілік. Қызметкер цифрлық өзгерістердің объектісі емес, белсенді қатысушысы болуы керек, – деп атап өтті ол.

Федерация төрағасы сонымен бірге бизнес пен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды екенін айтты.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, персоналды дамытуға инвестиция және әлеуметтік мәселелерді шешуге адал қатысу. Мұндай бизнес мемлекет пен кәсіподақтың сенімді әріптесіне айналады, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар Президент айқындаған реформаларды іске асыруға алдағы уақытта да белсенді қатысып, әлеуметтік диалогты күшейтіп, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға дайын екенін растайды.

Елдегі өсім адамдардың күнделікті өмірінде сезіліп, ертеңгі күнге сенім тудырғанда ғана реформалардың мәні толық ашылады, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы