ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Алматыда өз сүйіктісі мен екі заңгерді соққы астына алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы полиция департаменті Нұрасыл Тұрлыхановтың үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 293 "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жұмыстары жүргізіліп, сараптамалар жүргізілетін болды. Күдікті әскери қызметкер, сондықтан бұл іс қалалық прокуратураға жіберілді, - деп мәлімдеме жасады Алматы қаласы полиция департаменті.
Белгілі болғандай, бойжеткенге араша түспек болған адвокаттар да таяқ жеп қалған.
Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Дәулет Тұрлыханов болған жайтты растап, ұлының кәмелетке толғанын және барлық әрекетке өзі жауапты екенін айтты. Шешімді құқық қорғау органдары қабылдайды деп отыр.
Бұзақылығы үшін азамат екі мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі, 600 тәулікке дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетерлігі, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов - бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттығына Астана қаласы атынан үміткер.