Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастардың жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдады.
Мұқаев жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекет міндеттерінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде болған төтенше жағдайларда да төбе көрсететін де жастар, қолдаушылар да жастар. Ал бізде Үкімет жастарға тиісті деңгейде көңіл бөліп жатыр ма? Ең басты қажеттілік баспана мәселесі де шешімін таппай отыр, - деді ол.
Депутат жыры басылмаған жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында Роман Васильевичке де депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Сөзінше, жауапта жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында деп қысқа қайырылған.
2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Тағы бір қосарым - өткен жылы берілу керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі де берілмеді. Нақты тізім, нәтиже шықпады, - дейді Дәулет Мұқаев.
Оның айтуынша, жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспаналарын ала алмаудың да өзіндік себептері бар.
2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады. Яғни, 2 есе өсті.
Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты. Бұл бір. Екіншіден, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келіп жатыр, - деп түсіндірді ол.
Мұқаев атап өткендей, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ.
Жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұраймын. Пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауы тиіс. Немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек, - деп ұсынысын айтты Дәулет Мұқаев.