Биыл Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші съезі өтеді. Қазақстан бастамашы болған бұл бірегей жоба бүгінде жаһандық деңгейдегі ең беделді диалог алаңдарының біріне айналды. Әр кезеңнің өз сын-қатерлері болды, ал съездер соларға жауап ретінде ұйымдастырылып отырды. BAQ.KZ тілшісі бұған дейін өткен жиындардың қандай тақырыпта, қандай мақсатпен өткізілгеніне көз жүгіртті.
Алғашқы қадам
2003 жылы алғаш рет әлемнің 17 конфессиясы мен діни ұйымдарының көшбасшылары Қазақстан астанасында бас қосты. Бұл – тарихта бұрын-соңды болмаған оқиға еді.
Сол кездегі басты мақсат – діни алауыздық пен экстремизм қаупін азайтып, өзара сыйластық пен төзімділік қағидаларын нығайту болатын. Съездің нәтижесінде қабылданған декларация адамзатқа бейбітшілік пен келісімнің құндылығын тағы да еске салды.
Сенім және қауіпсіздік
Екінші жиын «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында өтті. Терроризм мен радикализм өршіп тұрған шақта, бұл мәселенің дін көшбасшылары деңгейінде талқылануы ерекше маңызды болды.
Дін өкілдері терроризмге қарсы бірлескен үндеу жариялап, әлемнің бейбіт болашағы үшін өзара ынтымақтасуға шақырды. Қазақстан осы арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы діннің рөлін көрсетіп берді.
Радикализмге жауап
2009 жылғы үшінші жиында жаһандық күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе – діни экстремизм болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан діни шиеленістерге жауап ретінде дін көшбасшылары ортақ құндылықтарға сүйенуді ұсынды.
Бұл съезд діннің қоғамдағы орнына ғана емес, саяси тұрақтылықты сақтаудағы жауапкершілігіне де назар аудартты.
Өркениеттер үндестігі
Төртінші съезд «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» тақырыбымен өтті. Мұнда өркениеттердің өзара ықпалы, жастардың рухани тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, мәдениет пен діннің байланысы басты назарда болды.
Қазақстан осы жиын арқылы өркениеттер арасындағы алтын көпір рөлін атқара алатынын дәлелдеді.
Дағдарыстар кезеңіндегі үндеу
2015 жыл – әлем үшін қиын кезең. Сириядағы соғыс, босқындар дағдарысы, халықаралық терроризм өршіп тұрған шақта өткен бесінші съезд адамзаттың тағдырына алаңдаған үндеулермен есте қалды.
Дін көшбасшылары «ейбітшілік үшін бірге әрекет ету» қағидатын алға тартып, қақтығыстарды тоқтатуға, зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға шақырды. Бұл – діннің тек рухани ғана емес, гуманитарлық рөлін күшейткен қадам болды.
Қауіпсіз әлем жолында
Алтыншы жиынның басты тақырыбы – «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» болды. Декларация қабылданып, онда барлық мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға және дін өкілдеріне ортақ үндеу жасалды.
Онда адамзат алдындағы басты құндылық – бейбітшілік екені тағы да расталды. Бұл съезд Қазақстанның әлемдік дипломатиядағы абыройын арттыра түсті.
Жаңа дәуір сын-тегеуріндері
Жетінші съезд заманның жаңа сұрақтарына арналды. Цифрлық дәуірдегі руханият, жастардың болашағы, гендерлік теңдік, климат өзгерісі – осындай өзекті тақырыптар талқыланды.
Бұл жиын діннің қоғамдағы орны дәстүрлі құндылықтармен ғана шектелмейтінін, оның жаңа сын-қатерлерге де жауап бере алатынын көрсетті.
Болашаққа бағдар
Келер жылы, 2025 жылы өтетін сегізінші съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен жоспарланып отыр. Мұнда әділеттілік, адамзат бірлігі, жаңа мәдениеттер тоғысы мәселелері күн тәртібіне шығады.
Қазақстан әлемдік қауымдастыққа тағы да бейбітшілік пен келісім жолын ұсынады.
Әрбір съез – Қазақстанның жаһандық бейбітшілікке қосқан үлесі. Әлем дін көшбасшылары Астана төрінде бас қосып, адамзатқа ортақ үндеу жариялайды.
Бұл жиындар тек діни диалог емес, өркениеттердің өзара түсінісуі мен болашаққа деген сенімді нығайтатын тарихи қадам, – дейді сарапшылар.