Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын Жамбыл облысы аумағында қауіп-қатер туралы ақпаратты немесе дабылды жеткізу жергілікті теледидар және радио хабарлар тарату, сиреналар мен мобильдік операторлар арқылы SMS тарату көмегімен жүргізілген. Енді төтенше жағдай туралы халықты жылдам құлақтандыру үшін SMS-пен қатар, тегін мобильді «Darmen» қосымшасы іске қосылды. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Сабыров аталған жобаны қазақстандық «I2NIK» ЖШС компаниясы әзірленгенін айтты.
«Darmen»-ді дайындау үшін Жапония мен АҚШ-тың халықты мобильдік қосымша арқылы құлақтандыру тәжірибесі зерделенген. Сонымен қатар, бұл қосымша бірнеше секунд ішінде халықты облыс аумағындағы төтенше жағдай қаупі мен туындауы туралы жаппай ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Бұл қосымша сынамадан өтіп, хабарламаларды жедел жеткізуде бұрыннан қолданылып келген SMS құлақтандырумен салыстырғанда аса тиімді екенін көрсетті», - деді спикер.
Мобильдік қосымшаны Android, IOS операциялық жүйелері негізіндегі смартфондар мен планшеттерден қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктеп алуға болады. Бұл облыс тұрғындарын қандай да бір апат салдарынан барынша қорғайды. Азаматтарды қорғаудың мұндай жүйесі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Талғат Сабыров Жамбыл облысы аумағында жыл басынан бері судағы төтенше оқиғалар тіркелмегенін де айтты. Былтырғы шомылу кезеңінде жүргізілген профилактикалық жұмыстар суға кеткен адамдардың санын 37,5%-ға төмендетуге ықпал еткен.
«Қазіргі уақытта облыстық жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары су айдындарындағы оқиғаларға жедел ден қою үшін сақадай сай. 15 техника, 10 жүзу құралы және 93 инженерлік жабдықтар дайын тұр. Қазіргі таңда Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы шығарылып, жергілікті атқарушы және мүдделі органдармен жазғы шомылу кезінде су айдындарында адамдардың қауіпсіздігінің жоспары әзірленген», - деді департамент бастығының орынбасары.
Аталған қаулыда облыс аумағындағы жаппай шомылуға арналған 15 орында қоғамдық құтқарушылардың кезекшілігін ұйымдастыру қаралған.
Спикер мамыр айының үшінші онкүндігінде облыстағы жазғы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлердің өртке қарсы жағдайына тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Былтырғы тексеру нәтижесінде лагерьлерде 50-ден астам өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарының бұзылуы анықталыпты.
«Азаматтық қорғау органдарымен білім беру нысандарын өртке қарсы жағдайға келтіру мақсатында тәжірибелік көмек көрсетілуде. Яғни, соңғы 2 жыл ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және өрт кезіндегі іс-қимылдар бойынша 2 мыңнан астам нұсқаулық өтіп, 5 мыңдай мұғалім мен оқушы қамтылды», - деді Сабыров.
Жауапты маманнның сөзіне қарағанда, бүгінге дейін Жамбыл облысы аумағындағы 24 гектар алқапта 6 жану оқиғасы орын алған. Жергілікті қазынадан биыл мемлекеттік орман қорының аумағын қорғау жұмыстарын жүргізу үшін 68 миллион 795 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ өртке қарсы аншлагтар дайындауға 803 мың теңге, ал мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсартуға 280 миллион теңге қаралған.
«Өртке қарсы техниканы ұстау және орман қорын күзету үшін 183,7 тонна жанар-жағармай сатып алу жоспарланса, оған 30 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 13,8 тонна көлемінде жанармай қоры құрылды. Қазіргі таңда орман қорында 16 өрт сөндіру техникасы, 14 әмбебап өрт сөндіру жартылай тіркемесі, 36 соқасы бар трактор, 95 ранецті өрт сөндіргіш және 571 шартылдақ дайын», - деді баяндамашы.
"Қазавиақұтқару" АҚ авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін биыл 42,8 миллион теңге қаралыпты. Сонымен қатар, былтыр жергілікті бюджет есебінен 21 миллион теңге қаржыға ұшқышсыз ұшатын аппарат сатып алынған.
Талғат Сабыровтың айтуынша, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің бөлімшелеріне ірі және ұзаққа созылатын табиғи өрт кезінде жедел әрекет ету үшін екінші тоқсанға 40 тонна жанармай сатып алу жоспарланып, дабыл бойынша жеке құрамды жинау әзірленген. Сондай-ақ жеке құрамды жету қиын аймаққа апаратын өтімділігі жоғары автотехника дайын.
«Табиғи өрттің алдын алу мақсатында мемлекеттік өртті бақылау, жергілікті полиция қызметімен 15 бірлескен мобилді топ құрылды. Олар далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде 23 рейд жүргізді», - деді департамент бастығының орынбасары.