Дәріні қымбатқа сатқандарға 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады

17 Шілде 2020, 15:23
1639
Бөлісу:
Дәріні қымбатқа сатқандарға 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәрі-дәрмекті қымбатқа сатқандарға 194 460 теңге айыппұл салынады. Бұл туралы Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы "Antikor Live" жобасы аясындағы онлайн брифингте айтты.

Дәрі-дәрмекті қымбатқа сату бойынша 87020002494 нөміріне 4500-ден астам өтініш келіп түсті. Жасақталған жұмыс топтары 1555 дәріхана мен 102 дәрі қоймасына, 103 аурухана мен емхананы тексерді. Нәтижесінде 200-ге жуық бұзушылық анықталды. Негізгі бұзушылық дәрі-дәрмекті қымбатқа сату бойынша тіркелді, - деді ол. 

Ғанижан Асанұлы айтып өткендей, Денсаулық сақтау министрлігі жылына екі рет дәрілердің шекті бағасын бекітеді. 

Дәрілерді шекті бағадан асырып сату бұзушылық болып есептеледі. Жақында дәрі-дәрмектің шекті бағасы бекітілді. Азаматтар олардың бағасымен dari.kz мобильді қосымшасы арқылы таныса алады. Кез келген азамат дәрі-дәрмекті қымбатқа сату фактісі туралы сол қосымша арқылы шағымдана алады. Дәрінің бағасын шекті бағадан асырып сатқандарға 70 АЕК немесе 194 460 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - деді ол. 

Ол атап өткендей, барлық өңірде осындай бұзушылық анықталды. 

Елордалық дәріханаларда дәрілер 3,1 есе, Ақтөбе, Алматы және ШҚО-да сұранысқа ие препараттардың бағалары 2 есе қымбатқа сатылған. Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы бойынша 21 әкімшілік хаттама толтырылып, барлық тәртіп бұзушы айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы