Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жолдады.
Бұл заң жобасын Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және оның мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді, - деді депутат.
Гүлдара Нұрымова қандай өзгерістер енгізілгенін жіктеп айтып берді.
1. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, мынадай нормалар көзделген:
- сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді медициналық қызметтер көрсетуге арналған тарифтерді ұлғайту есебінен денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асырады;
- медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі анықталды. Айталық, тәуелсіз сараптама жүргізу жөніндегі нормалар көзделген, оның қорытындысы сақтандыру жағдайының басталу фактісін растау үшін ғана қолданылады;
- сақтандыру жағдайының басталу фактісі расталған кезде сақтандыру төлемдерінің мөлшері нақтыланды, олардың мөлшері пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты болады;
2. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мақсатында:
- мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орын бөлу кезінде медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беру;
- қызметтік міндеттерін атқару нәтижесінде қаза тапқан немесе мүгедектігі белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру грантын бере отырып, конкурстан тыс қабылдау;
- медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру құқығын беру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі нормалар көзделген.
Бұдан басқа, медицина кадрлардын тапшылығын қысқарту үшін ауылға жұмыс істеу үшін келетін медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыру жөніндегі нормалар қабылданды.
- уәкілетті органдардың медициналық көмек көрсету стандарттарын өзгерту, медицина қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлаудың білім беру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде одан әрі шаралар қабылдай отырып, сақтандыру жағдайларының басталу фактілеріне талдау жүргізу тәртібі регламенттелген.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында біржолғы 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлей отырып, «Мамандықтың үздігі» атағын беру көзделеді.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында ерекше еңбегі үшін біржолғы 1000 айлық есептік көрсеткіш (3 692 000 теңге) төленетін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы көзделген, - деп айтты депутат.
Бұдан басқа, заң жобасында:
- вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салуды белгілеу;
- әскери медицина қызметкерлерінің қызметін жетілдіру;
- медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамаларды ұсыныстар ретінде қолдану жөніндегі нормалар көзделген.
Бұдан бөлек редакциялық сипаттағы түзетулер, нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді.