Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәрігерлерді қорғайтын заң не үшін керек? Аймағамбетов түсіндірді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Қараша 2025, 15:51
1311
Бөлісу:
 автордан
VIDEO
Фото: автордан

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасының маңызын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында ғана болған қайғылы жағдайды бәріміз білеміз. Нағыз батыр, Ұлдана қызымыздың ерлігін еске алайықшы. Жәрдем көрсетуге келген, фельдшер құтқарушыларды күтпей, өз өмірін қиып, адамдарды құтқарды. Олардың жұмысы міне осындай, – деді депутат.

Аймағамбетовтың айтуынша, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігі өте жоғары болғанымен, олардың қауіпсіздігіне қатысты құқықтық тетіктер әлі де жеткіліксіз.

Депутат қазіргі жағдайды әділетсіздік деп атап өтті.

Бұл жерде үлкен әділетсіздік бар бүгін: дәрігер емдеуге міндетті, қателігі үшін қылмыстық жазасы бар, ал мемлекет тарапынан ерекше қорғау әлі күнге дейін жоқ, – деді ол.

Аймағамбетов медицина қызметкерлеріне жасалған қылмыстардың ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай құқықбұзушылық тек жеке тұлғаға жасалған әрекет емес.

Медиктерге қарсы қылмыстың ерекшелігі неде? Құқық теориясында бұл “екі жақты қол сұғушылық объектісі” деп аталады. Яғни қылмыскер дәрігерге шабуыл жасағанда, тек дәрігердің жеке басына зиян келтірмейді. Ол ұлт саулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды бұзады, – деді депутат.

Хирург мысалы: “Бір саусақ – мыңдаған тағдыр”

Депутат хирургтарға жасалған шабуылдың салдары әлдеқайда ауыр болатынын түсіндірді.

Хирург мысалына қайта оралайық. Егер бұзақы төбелесте жай адамның саусағын сындырса, бұл орташа ауырлықтағы зиян. Алайда, егер ота жасайтын хирургтың, немесе нейрохирургтың саусағын сындырса, бұл нағыз апат. Хирургтың қолы – құтқару құралы. Сол саусақтың кесірінен мыңдаған ота тоқтайды. Оның көмегін ала алмаған мыңдаған адам зардап шегеді. Жазаның қатаң болу себебі де – осы, – деді ол.

Аймағамбетов ауруханалардың қабылдау бөлімін мысалға келтіріп, бұл жердің тәуекелі өте жоғары екенін атап өтті.

Аурухананың қабылдау бөліміне келсек, ол жылы әрі жайлы кеңсе емес. Ол жерге бәрін әкеледі: кішкентай балалар мен инсульт алған қарияларды да, криминалдық төбелестен кейінгі пышақталғандарды да. Бұл жер қауіпсіз болуы тиіс, – деді депутат.

Сонымен қатар жедел жәрдем дәрігерлерінің тәуекелі одан да жоғары екенін айтты.

Ал жедел жәрдем дәрігерлері пәтерге бірінші болып кіреді. Олар есік артында кім күтіп тұрғанын білмейді. Яғни орасан зор қауіп-қатер жағдайында жұмыс істейді, – деді ол.

“Егер прокурорды қорғасақ, дәрігерді неге қорғамаймыз?”

Депутат мемлекет ерекше қорғайтын санаттар бар екенін айтып, дәрігерлердің сол қатарда болу керектігін баса айтты.

Егер біз Қылмыстық кодекспен билік өкілін қорғасақ... Егер біз орман қорғайтын инспекторды қорғасақ... Егер прокурор мен сотты, әлде қаруы мен дубинкасы бар полицейді қорғасақ... Онда біз қолында бір ғана фонендоскопы бар, науқастарға көмекке баратын дәрігерді қорғауға міндеттіміз, – деді Аймағамбетов.

Аймағамбетов заң жобасының негізгі мақсатын да атап өтті.

Бұл заң жобасы, түптеп келгенде, дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері туралы емес. Олар – рухы мықты адамдар, ауырсыну мен шаршауға төзуге әбден үйренген. Олар тіпті көмек сұрамайды бүгін, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл бастама – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ашығын айтқанда, заң жобасы – дәрігерлерді емес, біздің азаматтарымыздың құқығын қорғау туралы. Бұл – педиатрды күтіп отырған кішкентай балаларды қорғау туралы норма. Бұл – инфаркт алып жедел жәрдем шақырған зейнеткерлерді қорғау туралы. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы туралы заң, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы