Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерін зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заң жобасы екінші оқылымда қабылданғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат Мемлекет басшысының жазда берген нақты тапсырмасын орындау аясында депутаттардың бастамасымен әзірленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, заң жобасы бірінші оқылымда жұмыс топтарында және комитет отырыстарында кеңінен талқыланған.
Бірінші оқылымда өте қызу пікірталас болды. Бұл қалыпты жағдай. Әртүрлі ұсыныстар айтылды, солардың негізінде заң жобасы қосымша пысықталды, – деді депутат.
Нәтижесінде екінші оқылымда бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді.
Қорқыту мен нақты зорлық-зомбылық бөлек қаралады
Заң жобасындағы басты жаңашылдықтың бірі – қорқыту мен нақты зорлық-зомбылық ұғымдарының нақты ажыратылуы.
Біз қорқыту мен нақты зорлық-зомбылықты бөлек баптарға бөлдік. Қорқыту бойынша санкциялар бастапқы нұсқамен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдетілді, – деді Аймағамбетов.
Мысалы:
- қоғамдық жұмыстар – 600 сағаттан 300 сағатқа дейін қысқартылды;
- бас бостандығынан айыру немесе шектеу – 3 жылдан 2 жылға дейін азайтылды;
- айыппұл мөлшері де төмендетілді (АЕК-тен бастап).
Нақты зорлық-зомбылық үшін жаза сақталады
Депутаттың айтуынша, дәрігерге күш қолдану, денсаулығына зиян келтіру жағдайында жаза өзгеріссіз қалады.
Егер дәрігерді ұрып, денсаулығына зиян келтірсе, бұрын қандай жаза қарастырылса, дәл сол мөлшер сақталады. Бұл жерде ешқандай жұмсарту жоқ, – деді ол.
Құжатқа сәйкес, мынадай жаза болады.
Қауіп төндірмеген күш қолдану немесе күш қолданбақ болғаны үшін:
- Айыппұл: 500–1000 АЕК
- Немесе түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту
- Немесе 2–3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру
Ауыр әрекет жасалған жағдайда (адамға зиян келтірген немесе қатты қорқытып қауіп төндірген):
- 3–7 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру
Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген күш қолдану үшін:
- 5–10 жылға бас бостандығынан айыру
Ауыр жағдайда адам өміріне немесе денсаулығына қатер төндірген әрекет жасалса:
- 7–12 жылға бас бостандығынан айыру
“Дәрігерлер жауапсыз емес”
Асхат Аймағамбетов дәрігерлердің өзі де заң алдында жауапты екенін ерекше атап өтті.
Бүгінгі таңда дәрігерлердің жауапкершілігі Қылмыстық кодексте нақты көрсетілген. 317-бап – кәсіби қателік үшін, 320-бап – көмекті көрсетпеу үшін жауапкершілік қарастырылған, – деді депутат.
Яғни бұл заң медицина қызметкерлерін “ерекше артықшылыққа” ие етпейді, тек олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Депутат әлемдік тәжірибеде дәрігерлерді қорғауға бағытталған заңдардың бар екенін айтты.
Дамыған елдерде, тіпті Азия мемлекеттерінде де мұндай заңдар бар. Кейбір елдердегі санкциялар біздікінен әлдеқайда қатаң, – деді ол.
Қорқыту деген не, эмоция деген не?
Аймағамбетов қоғамда айтылып жүрген “бір ауыз сөз үшін түрмеге жабады” деген пікірлерді жоққа шығарды.
Қорқыту деген – эмоциямен айтылған сөз емес. Егер адам балта, пышақ алып нақты қауіп төндірсе – бұл шынайы қорқыту. Ал жай ашумен айтылған сөз қылмыс болып есептелмейді, – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, мұндай нюанстарды тергеушілер мен соттар жақсы біледі.
Депутат жаза автоматты түрде тағайындалмайтынын да атап өтті.
Төрт түрлі санкция бар. Сот істің ауырлығына қарай шешім қабылдайды: айыппұл да салмауы мүмкін, бас бостандығынан айырмауы да мүмкін, – деді ол.
Неге бұл заң маңызды?
Депутат нақты мысалдар келтіріп, заңның маңызын түсіндірді.
Егер хирургтың қолын сындырып қойса, ол бір адамның емес, мыңдаған адамның операциясыз қалуына әкеледі, – деді ол.
Сондай-ақ түнгі уақытта шақыртуға баратын фельдшерлердің жағдайына тоқталды.
Фельдшер түнгі үште шақыртуға барғанда, ар жағында кім тұрғанын білмейді. Бірақ бармауға құқы жоқ. Ол адамдардың өмірі үшін тәуекелге барады, – деді Аймағамбетов.
“Бұл – тек дәрігерлерді емес, халықты қорғау”
Сөз соңында депутат заң жобасының түпкі мақсатын атап өтті.
Біз дәрігерлердің ғана емес, жалпы азаматтардың денсаулыққа қолжетімділігін қорғап отырмыз. Бұл – қоғам үшін стратегиялық маңызды шешім, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.