Дәрігерлерге қаржылай қолдау жасау дұрыс шешім болды – дәрігер

14 Сәуір 2020, 16:20
2189
Бөлісу:
Дәрігерлерге қаржылай қолдау жасау дұрыс шешім болды – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қарапайым адамдардың "рахмет" деген бір ауыз сөзі біздің көңілімізді көтеріп, жұмысқа деген құштарлығымызды да арттыра түседі.  Бұл туралы Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Әсем Омарова тілдесу кезінде айтты.

Карантин бөлімінде жұмыс істеп жатқан Әсем қазіргі пандемия жағдайына байланысты жұмыс өте ауырлағанын айтады.

Жұқпалы аурулар дәрігері болғандықтан бізге артылған жауапкершілік те, жүктеме де артып отыр. Өйткені аты жаман бұл ауру өте тез тарап жатыр. Науқастар қатары күннен күнге көбеюде. Мен карантин бөлімінде болғандықтан мұнда науқастармен байланыста болған адамдар әкелініп жатыр. Олардан анализ алып, дене ыстығын, қан қысымын өлшеп, жағдайларын қадағалап отырамыз. Күніне 3-4 рет кіріп, жағдайларын біліп отырамыз. Бұл адамдар ешқандай ем шараларын қабылдамайды, тек денсаулықтарын тексереміз, - дейді дәрігер. 

Сонымен қатар, ол ауруханадағы дәрігерлердің бәрі қорғаныс кимімен қамтылғанын, яғни жеке бастың қорғаныш құралдарының бәрі берілгенін айтты.

Маска, арнайы көзілдірік, резина аяқ киім, қорғаныс костюмі бәрі бар. Бұл киімдердің өзін белгілі сағат арасында залалсыздандырып отырамыз. Неше сағат сайын дезинфекция жасап, ол қанша уақыт тұруы керек деген арнайы нұсқаулық бар. Соның бәрін қатаң ұстанып отырмыз, - дейді ол. 

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан дәрігерлерге үстемеақы беріліп, қолдау көрсетіліп жатыр. Өзі дәрігерлерге берілген үстемеақының екінші санаты бойынша алыпты. 

Коронавируспен күресте алғы шепте жұмыс істеп жүргендерге қамқорлық көрсетіп жатқан ел президентіне өз атымнан алғыс айтамын. Қанша дегенмен қазір ақша бәрібір керек. Үйіне бармай жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге қаржылай қолдау жасау дұрыс шешім болды деп ойламын. Өзім тұрмыс құрмағанмын. Ата-анаммен бірге тұрамын. Оларды көрмегелі бір ай болып қалды. Жұмыс ауысымынан шыққан соң арнайы көлік бізді тұрып жатқан санаторийге жеткізіп салады. Онда тек медицина қызметкерлері ғана тұрып жатырмыз, - дейді Омарова. 

Сөз соңында ол әріптестерін шыдамдылық танытуға, ал халықты төтенше жағдай режимін қатаң сақтауға шақырды.

Бұл да біздің мамандығымыз үшін үлкен бір сынақ болып отыр. Мұны да еңсеріп шығамыз деген ойдамын. Қара бұлттың артынан әрдайым күн шығатыны белгілі. Ал халқыма "Үйде болыңыздар!" дегім келеді. Жалпы қарапайым адамдардың "рахмет" деген бір ауыз сөзі біздің көңілімізді көтеріп, жұмысқа деген құштарлығымызды да арттыра түседі, - дейді дәрігер.


Өзгелердің жаңалығы