Дәрігер – қылмыскер емес. Ғиният дәрігерлердің жауапкершілігі туралы айтты

21 Желтоқсан 2022, 11:42
2190
Бөлісу:
Дәрігер – қылмыскер емес. Ғиният дәрігерлердің жауапкершілігі туралы айтты

Мәжілістің кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният журналистерге дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін қарастыратын заң жобасының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл дәрігерлерді қандай да бір жауапкершіліктен босату дегенді білдірмейді. Өйткені дәрігерлер әрқашан пациенттің өміріне жауапты. Заңда әртүрлі баптар бар. Мысалы, егер медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген болса немесе тіпті көрсетілмеген болса не болмаса жағдайды біле тұра көрсетілмеген болса, онда ол қылмыстық жазасын өтейді. Бұл бап білмей, абайсызда, қолынан келген барлық медициналық көмегін көрсетіп, бірақ пациенттің денсаулығына зиян келген жағдайда қарастырылған, - деп айтты Денсаулық сақтау министрі Мәжілісте.

Сөзінше, бұл мәселеде заңның пайдасын көретіндер - бұл пациенттер, яғни еліміздің азаматтары.

Ажар Ғиният атап өткендей, бұрын осындай мәселелер бойынша 13-14 мың өтініш түссе, оның тек 300-ге жуығы ғана қаралған.

Азаматтар денсаулықтарына зиян келтіргені үшін ешқандай өтемақы ала алмаған. Сондықтан заң жобасында пациенттердің құқығы қаралған. Екінші мәселе, дәрігер - ол қылмыскер емес. Қазір көтерілген жеңілдету нормалары абайсызда жасалған жағдай болғандықтан олардың жазасын жеңілдетуді сұрап отырмыз, - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрі Мәжілістің кулуарында.

Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы