Дәрігер коронавирустың неліктен бірде өршіп, бірде төмендейтінін түсіндірді

13 Қыркүйек 2021, 12:32
6380
Бөлісу:
Дәрігер коронавирустың неліктен бірде өршіп, бірде төмендейтінін түсіндірді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің медициналық-санитарлық алғашқы көмек бөлімінің меңгерушісі, PhD философия докторы Динара Маханбетқұлова онлайн брифингте вирустың таралуы неліктен бірде төмендеп, бірде ұлғайып отыратынын түсіндірді.

Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу, локдаун жариялағанда вирустың таралуы төмендегенін көрдік. Кейін карантин талаптарын жеңілдеткенде вирустың таралуы қайта өрши түседі. Бір байқағанымыз әлеуметтік қашықтықты сақтаған сайын науқастар саны азая түседі. Тамыз айынан бастап вирус жұқтырушылар саны төмендеді, бұл вакцина алушылар санының артуымен байланысты, - дейді ол.

Сонымен қатар ол ауруханаға ауыр халде түсетін науқастар саны неліктен артқанын айтты.

Коронавирус ауруының белгілері былтырдан бері бір қалыпты өтуде. Соған байланысты науқастар үйде өз бетінше емделе бастады. Оның арты адам денсаулығының нашарлауына әкеп жатыр. Өз бетінше емделген дұрыс емес, қандайда бір ауру белгісі білінсе уақыт оздырмай дәрігерге қаралу керек. Коронавирустың белгісі ол түшкіру, мұрын бітелуі, жөтел, дене қызуының көтерілуі, буындардың сырқырауы және тағы басқалары. Бұл белгілер ЖРВИ мен тұмауға да тән. Оларды ажырату үшін бірінші кезекте дәрігерге хабарласу қажет. Тәжірибе көрсеткендей қазір бұл ауру белгілеріне ішек инфекциясы қосылды, яғни жүрек айну, іш өту, - деді дәрігер.

Оның айтуынша, иммунитеті төмен адамдар коронавирусты жұқтыруға бейім келеді.

Иммунитеті төмен және созылмалы ауруы бар адамдар жиі ауырады. Ол ересек немесе орта буын өкілдері болуы мүмкін, егер адамның иммунитеті төмен болса, ол жерде жас ерекшелігі маңызды емес. Өйткені қазір балалар да ауырып жатыр, - дейді Динара Маханбетқұлова.

Өзгелердің жаңалығы