ШҚО дәрігерлері инсультке қарсы жаңа технологияларды меңгеруде

17 Мамыр 2019, 08:35
3124
Бөлісу:
ШҚО дәрігерлері инсультке қарсы жаңа технологияларды меңгеруде

ШҚО, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық маманның басқаруымен шығысқазақстандық дәрігерлер үш жарым сағат ішінде пациенттің қантамыр қабырғасынан өлшемі өріктей атеросклеротикалық түйіншекті кесіп алды.

Бірнеше күн бұрын облыстық Мамандандырылған медициналық орталықтың дәрігерлеріне астанадан арнайы жол тартқан мамандар шеберлік сағатын өткізіп, мидағы қан айналымы бұзылуын он есеге дейін азайтатын каротидті эндартерэктомия отасын (күретамырдан түйіншекті алып тастау) жасауды көрсетті. Бұл әсіресе ишемиалық инсульт әсерінен мидағы қан айналым жүйесі бұзылған адамдар үшін өте қажет.

Ота күрделі болғандықтан дәрігерлерден ерекше шеберлікті керек етті. Ал оны тәжірибесі мол маман жасауы қажет еді. Осы себепті ота жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың қантамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ирлан Сағындықов шақырылды. Отаға облыс орталығынан екі пациент дайындалды. Олардың бірі бірнеше жыл қатарынан атеросклеротикалық түйіншек ағзасындағы қан айналымына кедергі келтіріп келген 68 жастағы пациент болды.

«Ота алдағы уақытта инсульт алу қаупі басым мультифокалды атеросклерозбен ауыратын пациенттердің күретамырларына жасалды», — деді елордадан келген дәрігер. 

Оның айтуынша, мидағы қан айналым жүйесінің бұзылуы еліміздегі алдыңғы қатарлы проблемалардың бірі көрінеді. Бұл орталық жылына осындай 500-600 ота жасайды. Пациенттердің көбінде күретамырлары мен омыртқа тамырлары тарайып, атеросклеротикалық түйіншектер пайда болған.

«Бұл жолы біздің топ екі қантамыр хирургі мен анестезиолог маманнан тұрды. Біз өскемендік әріптестерімізге науқастарды таңдау, ауырсынуды басу және хирургиялық әдіс-айлаларды меңгерудің классикалық тәсілдерін көрсеттік. Ота жасау кезінде пациенттің инсульт алып қалу қаупі басым болды. Осы себепті қауіптің алдын алу мақсатында отаны сырқаттанған мүшеге анестезия беру арқылы жасадық. Бұл— бір жағынан шығысқазақстандық анестезиолог мамандар үшін таптырмайтын тәжірибе», — деп қосты Ирлан Сағындықов.

Облыстық Мамандандырылған медициналық орталықтың рентгенэндоваскулярлы зертханасының меңгерушісі Мұхтар Қорабаев бұдан былай аталмыш жоғары технологиялық медициналық қызметтің шығысқазақстанық дәрігерлерге де қолжетімді болғанын айтады.

«Түрлі бейіндегі хирургиялық шеберлік сағаттары бізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл — біздің аурухананың басты бағыттарының бірі. Бұл жолы инсульт дертіне душар болған науқастарды емдеудің жаңа технологиялары мен аурудың алдын алу әдістерін орталықтың Дмитрий Недбайло, Жасұлан Бегалинов сынды дәрігерлері меңгерді. Алдағы уақытта мұндай оталарды өз күшімізбен жүргізетін боламыз. Сондай-ақ бұл жолғы шеберлік сағатының анестезиолог маманымыз Әмір Толқынбаевқа да пайдасы тиді. Бұдан бөлек, астанадан келген маман біздің ота жасауға көмек көрсететін медбикелеріміз - Шәрипа Сәдуақасова мен Әмина Мұхамеджановаларға да «жақсы» деген бағасын берді», - деп қосты Мұхтар Қорабаев.

Өзгелердің жаңалығы