Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәрігер: Фотодинамикалық терапия – обырмен күрестегі жаңа үміт

27 Маусым 2025, 12:58
717
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Фотодинамикалық терапия – заманауи онкологияда балама бағыттың бірі. Елімізде бұл сала күн өткен сайын қарыштап дамып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл әдістің Қазақстанда кең таралуына үлес қосқан дәрігер Насрулла Шаназаровпен бүгінде елордадағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығында қызмет етеді. Ол Қазақстанда алғашқылардың бірі болып фотодинамикалық терапияны енгізіп, ауыр дертпен арпалысқан мыңдаған науқасқа жаңа өмір сыйлаған маман. 40 жылға жуық уақытын онкология саласына арнаған маман сұхбат барысында кәсіби жолымен, естен кетпейтін оқиғаларымен және жан тебірентерлік шынайы естеліктерімен бөлісті.

- Насрулла Абдуллаұлы, алдымен сіздің медицинаға келуіңіз туралы айтып берсеңіз. Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды?

- Менің атым араб тілінен аударғанда "Құдайдың көмегі" дегенді білдіреді. Кейде ойлаймын, ата-бабам менің тағдырымды солай алдын ала айқындап қойған сияқты.

Мектеп кезінде алғаш рет дәрігерге қаралдым. Бірақ ол кісі менің бетіме бір рет те қарамай, қағазға үңіліп отырып ем жазып берді. Мен дәрігердің түрін көрместен, көңілсіз күйде шықтым. Сол кезде іштей: "Мен де дәрігер боламын, бірақ сен сияқты болмаймын!" деп шештім. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті.

Кішкентай кезімде жаралы құстарды бағып, қанаттарына шина қойып, емдегенім есімде. Алайда менің әулетімде менен бұрын дәрігер болмаған. Үлгі тұтар жанның болмауы – өз жолыңды табуға кедергі. Бірақ соған қарамастан, жүрек қалауымды тыңдап, өз арманымның соңынан ердім.

- Медициналық жолда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

- Ең алғашқы қиындық – университетке түсу. Бір орынға 10 адамнан келетін. Алғашқы екі рет өте алмадым. Мектепте үздік оқығанымның арқасында бір жыл бойы туған мектебімде лаборант болып жұмыс істедім. Кейін әскерге шақырылдым. Қызмет барысында тұрған қаламда медициналық университет бар екенін білдім. Жоғары шенділер маған "Неге байқап көрмейсің?" деді.

Сөйтіп, рұқсат алып, әскери формада емтихан тапсыруға бардым. Комиссия төрағасы: "Мұндай жағдаймен алғаш рет кездестім. Көрейік!" деп, мүмкіндік берді. Емтихандарды тапсырып, төрт пәннен де сәтті өттім. 1983 жылдың 25 тамызы күні өз атымды бірінші курс студенттерінің тізімінен көрдім. Бақыттан төбем көкке жеткен.

Дәрігер: Фотодинамикалық терапия – обырмен күрестегі жаңа үміт
ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Оқу кезінде спортпен айналыстым. Ал төртінші курстан бастап, жұмыс істеуге тура келді. Өйткені ата-анама салмақ салғым келмеді. Хирургия, реанимация, онкология бөлімдерінде еңбек еттім. Ал 1986 жылдан бері, яғни 40 жылға жуық онкологиядамын.

Бірінші курста оқып жүргенімде, менің нағашы әпкем қатерлі ісіктен көз жұмды. Қоштасарда: "Сен жақсы дәрігер боласың, мен сияқты науқастарға көмектесесің бе?" деп сұрады. Мен уәде бердім. Сол күннен бастап онкология – менің өмірлік таңдауым болды. Медбрат болып бастаған сол диспансерде кейін бас дәрігердің орынбасарына дейін көтерілдім. Кандидаттық диссертация қорғадым. Біліктілігімді Мәскеу дәрігерлерімен теңдес деңгейге жеткіздім. Бұл мен үшін – мақтаныш.

- Енді фотодинамикалық терапия туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Бұл әдісті Қазақстанда алғаш енгізуіңіз қалай басталды?

- Бұл әдіс елімізде 10 жылдан аса қолданыста. 2007-2008 жылдары Алматыдағы көз аурулары институтында алғашқы зерттеу жүргізілген. Алайда жоба жалғасын таппады.

2013 жылы біз алғашқы мастер-класс өткізіп, 4 науқасқа сәтті ем жүргіздік. Бүгінде тек Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы жанындағы біздің бөлімде бұл әдіс жүйелі түрде қолданылады. Алматы мен Павлодарда жеке клиникаларда қолданылып жатыр.

Қазір біздің базада фотодинамикалық терапиядан өткен 1300-ден астам пациенттің дерегі бар.

Басшылық та қолдау білдіріп, емтихан мен кеңестерге барып-қайтуға мүмкіндік берді. Барлық төрт емтиханды сәтті тапсырып шықтым. Әлі есімде – 1983 жылдың 25 тамызы. Конкурс нәтижелері жарияланды, тізімнен өз атымды көрген сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес! Жүрегім жарыла жаздап, қуаныштан көзіме жас келді.

Дәрігер: Фотодинамикалық терапия – обырмен күрестегі жаңа үміт
ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Сол кезде әлі бірнеше ай әскери қызметім бар болатын. Командиріме барып, запастағы есепке ауысуға өтініш білдірдім. Олар қатты таңғалды – "біздің бөлімшенің қарапайым сарбазы медициналық университетке түсіпті" деп. Бұл жаңалық бөлім үшін де мақтанышқа айналды. Осылайша, мен медицина университетінің студенті атандым.

Спортпен де шұғылдандым, оқуда да үздік болдым. Бірақ 4-курстан бастап қосымша жұмыс істей бастадым – ата-анама салмақ салғым келмеді. Хирургия бөлімінде, кейін реанимацияда, онкологияда жұмыс істедім. Содан бері 1986 жылдан бастап, 40 жылға жуық уақыттан бері онкология саласындамын.

Бірінші курста оқып жүргенде, туған тәтем көз алдымда қатерлі ісіктен көз жұмды. Көзінде мұң мен үміт қатар тұнып, маған: "Сен жақсы дәрігер боласың, мен секілді дертті жандарды емдейсің, иә?" деді. Мен оған: "Уәде беремін, сіздерді емдеймін", дедім. Бірақ сол күні-ақ тәтем бақилық болды. Осы оқиғадан кейін бір сәтке де ойланбастан онкология бойынша интернатураға түсіп, дәл сол диспансерде мейіргер болып бастаған орнымда көп жылдар еңбек еттім – 2003 жылға дейін. Мейіргерден бас дәрігердің орынбасарына дейін көтерілдім.

Кандидаттық диссертациямды қорғап, ең жоғары санатты маман атандым. Мәскеулік ғалымдармен иық тіресе жүріп, күрделі оталар жасадық. Өйткені менің білім ордам – Челябі медицина мектебі – сол кездің ең мықты орталықтарының бірі болатын. Жүріп өткен жолыма шүкірлік етемін. Қиын болды, бірақ арманыма жеттім.

- Бұл әдісті Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қалай енгіздіңіз? Оған дейін онкологияда жұмыс істеп жүргеніңіз белгілі...

- Иә, менің мамандығым – онколог. Бірақ біздің аурухана онкологияға мамандандырылған мекеме емес. Бұл – көпсалалы клиника. Ал мен бұған дейін нағыз «өз теңізімде» жүзіп жүрген адамдай, тар бейінді онкология мекемесінде жұмыс істеп үйренген едім.

Маған ұсыныс түскенде алғашында келіспей, біраз ойландым. Бірақ ақырында бір шартпен келістім: егер маған фотодинамикалық терапияны дамытуға мүмкіндік берілсе, осы клиникада жұмыс істеуге дайынмын дедім. Олар бұл ұсынысымды қолдады. Себебі бұл аурухана – өзі ерекше мекеме. Мен оны одан сайын ерекше ету үшін тағы бір «маржан» қосқым келді. Солайша Қазақстандағы алғашқы Фотодинамикалық терапия орталығы ашылды.

Бастапқыда бір ғана шағын кабинетіміз болды. Қазір төртеу. Бірнеше лазер аппаратымыз бар. Бірақ, өкінішке қарай, біз науқастардың үлкен ағынын қабылдай алмаймыз. Себебі мен тек фотодинамикалық терапиямен ғана айналыспаймын – негізгі жұмысым да бар. Дегенмен, қазір менің бірнеше шәкіртім бар. Олар арнайы сертификат алып, осы әдіспен жұмыс істеп жүр. Жүйелі түрде айналысып, науқастарды қабылдауда.

- Жалпы, Қазақстан медицинасында соңғы жылдары қандай оң өзгерістер байқалды деп есептейсіз?

- Менде салыстыратын мүмкіндік бар. Себебі Ресейде 26 жыл өмір сүрдім. Қазір де кейде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Балтық елдеріне барып тұрамын. Сол себепті сенімді түрде айта аламын – Қазақстан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағынан алдыңғы қатарда. Мысалы, мен онкологиямен айналыса бастаған 30 жыл бұрын бұл диагноз – үкім сияқты еді. Көп адамға 1 жыл өмір де берілмейтін. Ал қазір сол пациенттер 10–20 жыл өмір сүріп жүр. Бұл – медицинаның, әсіресе онкологияның даму деңгейін көрсетеді.

- Фотодинамикалық терапияны енгізгенде алдыма қойған нақты мақсатым бар дедіңіз.

- Иә, мен бұл әдісті еліміздің барлық аймағына таратып, мүмкіндігінше көп адамға қолжетімді етуді мақсат еттім. Сол үшін клиникалық хаттамалар әзірледік. Олар 2016 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мақұлданды. Өткен жылы біз оларды жаңарттық. Яғни бұл әдіс ресми түрде рұқсат етілген, бекітілген ем түрі.

Келесі арманым – фотодинамикалық терапияны кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізіміне енгізу. Әсіресе онкологиялық науқастар үшін. Егер осы мақсат орындалса, мен өзімді халқына пайдасы тиген бақытты дәрігермін деп санаймын.

Бір қызық жайт айтайын. Германиядан бір отбасы – науқас қызы, ата-анасы және ағасы төртеуі келді. Олар бізде бір апта болды. Қыздары ем алды. Солардың айтуынша, емге, жолға, тұруға кеткен барлық шығын Германиядағы бір ғана емге кеткен қаражаттан әлдеқайда арзан болған. Бұл – біздің баға саясатымыздың әділетті екенінің дәлелі. Біз үшін басты мақсат – ақша емес, адамға көмек беру. 

- Есте ерекше сақталып қалған бір оқиғаңызды айтып берсеңіз. Науқастармен жұмыс істегенде қандай сәттер жаныңызға қатты әсер етті?

- Иә, менің жадымда өшпестей сақталып қалған бір оқиға бар. Бұл шамамен 30 жыл бұрын болған. Жас дәрігер едім. Қабылдауыма бір әйел келді. Сырт келбеті сұлу еді – көгілдір көзді, аққұба, ұзын шашты. Қатты жүдеп кеткен. Кіре сала: "Менде асқазан обыры. Екі рет операция жасамақшы болды, бірақ нәтиже болмады. Химия алдым. Енді сізге жіберді. Мені емдеңізші. Егер ота жасалса, кейін шын айтып беріңізші: ісікті толық алып тастадыңыз ба, жоқ па?" – деді.

Біз оны қарап, жатқыздық. Ота жасауға кірістік. Бірақ бәріміз күткендей, ота жасау мүмкін болмады. Ісік жайылып кеткен екен. Жағдайды көріп, біз тек симптоматикалық еммен шектелуге шешім қабылдадық.

Сол күні мен кезекші едім. Түнде әлгі әйел өз бетімен еңбектеп келіп тұр. "Сіздер маған ештеңе жасамадыңыздар, иә?" деді. Таңқалып: "Неге олай ойлайсыз?" десем, "Егер мені шын операциялаған болсаңыздар, мен қазір жансақтау бөлімінде жатар едім. Ал мен палатадамын. Демек, үміт жоқ» деді. Жанарында үміт пен қорқыныш қатар тұрды.

Сосын ол: "Мені өлімнен алып қала алмайтыныңызды білем. Бірақ бір өтінішім бар: менің қызым 10-сыныпта оқиды. Соның диплом алып, бітіру кешіне барғанын көрсем болды..." деді.

Қыркүйек айы еді. Мен оған паллиативті емді тағайындап, екі ай сайын келіп бақылаудан өтіп тұруды сұрадым. Қарашада келді – жағдайы тұрақты. Қаңтарда да келді – еш өзгеріс жоқ. Сәуірде де бәрі жақсы болды. Тіпті жүзі жайнап, әдемі көрінді.

Сосын маусым айы. Үш науқас бір күнде тексерілуге келді. Бірақ олардың арасында ол әйел жоқ. Сұрасам, екі әйел: "Сіз білмейсіз бе? 25 маусымда қызы мектеп бітіру кешіне барды. Анасы таңертең ұйқыдан оянбады..." деді.

Бұл оқиға маған адамның ішкі сенімі, үміті мен психологиялық қуаты медицинада қандай маңызды екенін дәлелдеді. Қарапайым сенімнің өзі өмірді ұзарта алады.

- Сіз үшін дәрігер мамандығы қандай құндылықтарға сүйенеді? Жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Бұл сұрақ бір жағынан қарапайым, бір жағынан күрделі. Қазіргі Батыста, әсіресе Америкада жастар дәрігер болуды жай ғана табыс көзі ретінде қабылдайды. Медицина – жай ғана кәсіпке айналып барады. Ал мен ескі мектептің өкілімін, мен үшін медицина – жүрек қалауы, ішкі сенім.

Себебі бұл салада жалақыдан бөлек, ешқандай ақшамен бағаланбайтын адами құндылықтар бар. Мен шәкірттеріме әрқашан былай деймін: «Ақ халатты неге ақ дейді? Себебі ол – тазалықтың, адалдықтың символы. Ол тек қан, ірің, басқа да биологиялық заттармен емес, жемқорлықпен, опасыздықпен де ластанбауы керек». Медицина жолын таңдаған әр адам өзінен сұрасын: не нәрсеге дайынмын? Бұл жолда сен тек уақытыңды емес, кейде денсаулығыңды, тіпті өз өміріңді де арнауың керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы