Қызылордада ер адам тісін жұлдырғаннан кейін ауруханаға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ер адам тісін емдету үшін клиникаға жүгініп, қызмет құнын алдын ала төлеген. Емхана қызметкері талап қоюшының ауыз қуысын тексеру барысында шырышты қабығының ісінуіне байланысты тісті емдеуге болмайтынын айтып, оны жұлып тастаған.
Бірақ бірнеше сағат өткен соң, жұлынған тістің орны ауырған. Ер адамның дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Ол шұғыл түрде қалалық ауруханаға жатқызылып, ем қабылдаған.
Талап қоюшының анасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағым түсіріп, жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеру қорытындысы бойынша, тіс емханасының дантисті денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны, ал тісті "стоматологтың ассистенті" біліктілігі бар орта медицина қызметкері жұлып тастағаны анықталған.
Талап қоюшы сотқа жүгініп, орта білімді медицина қызметкерінің сапасыз стоматологиялық қызмет көрсеткенін алға тартып, материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіріп беруді сұраған.
Сот істегі дәлелдемелер мен тараптардың түсініктемелерін тыңдай келе, талап қоюды қанағаттандырды. Сот талап қоюшының пайдасына 25 000 теңге материалдық шығын және 500 000 теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды, – делінген Қызылорда сотының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдету үшін пайдалану тоқтатылатыны хабарланды.