Дәрігер баланың ауызынан неліктен жағымсыз иіс шығатынын айтты

20 Шілде 2021, 22:40
20703
Бөлісу:
Дәрігер баланың ауызынан неліктен жағымсыз иіс шығатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыздағы жағымсыз иіс - ересектерде ғана емес, балаларда да кездесіп жатады. Жағымсыз иіс көбінесе баланың тісін таза ұстамағаннан шығады. Алайда кейбір жағдайға ерекше мән берген жөн дейді қазақстандық педиатр Әсия Ибрахимқызы.

Бұл туралы дәрігер әлеуметтік желідегі парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтты.

Егер де балаңыздың аузынан қалыптыдан тыс жағымсыз иіс шығып жатса, онда педиатр, стоматолог, гастроэнтерологқа көрсеткеніңіз жөн. Жағымсыз иіс шығудың кейбір себебіне тоқтала кетейін. Мәселен жағымсыз иістің пайда болуына ең алдымен ауыз қуысының гигиенасы әсер етеді. Сонымен қатар ауыздың құрғақ болуынан да жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Яғни сілекейдің дұрыс бөлінбеуінен баланың аузы құрғап, бактериялар ауыз қуысында жиналып қалуы мүмкін. Сондай-ақ балаға ауыр, асқазан қорыта алмайтын тағам берген кезде де жағымсыз иіс шыға бастайды. Бұдан бөлек тістердің бүлінуі, бала тәттіні көп жегендіктен, тістерін құрт жеуі мүмкін, салдарынан жаман иіс шығуы ықтимал. Тісжегі, отит, асқазан аурулары, дисбактериоз, ішек құрттарының болуы ауыздан жағымсыз иістің шығуына септеседі. Кей жағдайда кішкентай бүлдіршіндер аузына, мұрнына кез келген затты сала бергендіктен, мұрынға жабысқан бөгде заттан ауызда жаман иіс шығуы мүмкін, - дейді дәрігер.

Ол жағымсыз иісті физикалық тұрғыдан болдырмау үшін бірнеше кеңес берді.

Ең әуелі күніне 2 мезгіл тісін тазалау керек. Сондай-ақ ауызсуды көп беріп тұру қажет. Баланың асқазаны қорыта алатын жеңіл тағамдар беріп отыру абзал. Бұдан бөлек тәттіні азайту керек. Және ең бастысы дәрігер тексерісінен өткізіп тұру керек, - деді Әсия Ибрахимқызы.

Өзгелердің жаңалығы