Соңғы уақытта аутизм – қоғамда көп талқыланып жүрген дерттің біріне айналды. Өкінішке қарай, аутизмнің пайда болу себебі әлі нақтыланбай келеді. Ал диетолог, Астана Медицина Университеті жанындағы академик Е. Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген аутизм мен анемия арасындағы байланысты атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Америкалық ғалымдардың аутизммен ауыратын балаларға жасаған зерттеуі бойынша аталған дертке шалдыққан балалардың аналарының 100%-да жүктілікке дейін және жүктілік кезінде анемия болғаны анықталған. Анемия дегенге көбінесе салғырт қарайтынымыз рас. Анемия деген – тек темірдің жеткіліксіздігі ғана емес, "анемия" - медицинаның тілімен айтқанда, "гипоксия". Ағзаға, миға оттегінің жетіспеуі. Ал жүкті әйелде анемия деген – миына оттегінің дұрыс бармауы. Ол дамып жатқан балаға қайдан жетеді?! Сол себепті эмбрион дамып жатқан кезде оттегінің жетіспеуі, оның барлығы сәбидің денсаулығына әсер етеді. Сол үшін әрбір болашақ ана денсаулығын қалпына келтіріп, алдын ала ем қабылдап, жүктілікті жоспарлап барып сәби сүймесе, қазір бәрі қауіпті, - деп түсіндірді дәрігер.
Айтуынша, біздің болашақ ұрпағымыздың дені сау болуы үшін міндетті түрде ана тексерілуі керек. Қажетті барлық талдауларды тапсырып, эндокринологтың кеңесінен өтіп барып қана жүктілікті жоспарлау қажет.
Егер қандай да бір дәрумен, минералдың жетіспеуі анықталса, дәруменді ішіп, ағзаны толықтырып барып қана жүкті болуға кеңес беремін. Анемия – ол жұқпалы, жатырдан жұғады. Қазіргі таңда анемиямен баланы жоспарлау өте қауіпті. Қазір елімізде анемия деген індет ретінде жайылып барады. Екінің бірі – анемия. Бұл – өте қауіпті. Алайда ол емделетін нәрсе, емдеу өте оңай. Бүкіл әлемде, тіпті, Африка елдерінің өзінде қазір Д3 дәруменінің тапшылығы бар. Көп адам Д3 дәруменін күннің әсерінен аламыз деп ойлайды. Бірақ ағзаға түскен Д3 ол сіңуі керек. Сіңуі үшін дұрыс тамақтанып, теңіздің майлы балығын жеуіміз қажет. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті ең тиімді жолы – ол қосымша дәрумен ішу. Сондықтан әрбір әйел адамға айтарым: жүктіліктің алдында ағзаны балаға да жететіндей, ананың ағзасында да қалатындай бүкіл дәруменмен толықтырып алыңыздар, - деді Жанна Нұрберген.