Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева Үкімет басшысы Асқар Маминге нақты сауал жолдады.
Мектепке дейінгі жеке меншік мекемелер желісінің кеңеюі қоғамдағы шиеленісті бәсеңдетіп, балабақшалардағы бос орын мәселесінің өзектілігін төмендетті. Аталған жеке меншік иелері өз қаражаттарына ғимаратты сатып алып, оның жөндеу жұмыстарын жасайды. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасы қомақты қаражатты үнемдеп, салық салынатын негізгі көзі артады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтарымыз сапалы қызмет алады. Аталмыш саланың одан әрі дамуы мемлекеттің тұрақты қамқорлығын талап етеді. Бізді білім саласындағы шешімін таппаған және өзекті мәселе болып табылатын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын жеке меншік балабақшалардағы педагогтердің жалақысының төмендігі мазалап отыр,- деді Дариға Назарбаева.
Ол алдағы 2 жыл ішіндегі мемлекеттік тапсырыста мектепке дейінгі жеке меншік мекемелерде педагогтерінің жалақы деңгейін көтеру қарастырылмаған еді деп отыр.
Депутат сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ісіне байланысты әдістемеде төмендегі ескерілгенін атап кетті:
1. 2019 жылдың 1 қаңтарынан және 1 маусымынан бастап өсуін ескере отырып, лауазымдық жалақыны есептеу барысында коэффиценттердің өсуі;
2. Ресми жалақыға түзету коэффицентін 2020 жылы 25%, 2021 жылы 50%, 2022 жылы 75%, 2023 жылы 100% мөлшерінде енгізу;
3. Педагогтердің еңбек демалысының ұзақтығын 56 күнтізбелік күнге дейін арттыру.
Дегенмен, аталған бұйрық жергілікті мекендерде орындалмай отыр. Нәтижесінде жеке меншік балабақшаларының педагогтері өз еңбектерінің адал төлем ақысын ала алмай отыр. ҚР «Білім туралы» заңының 6 бабы 3 тармағының 7-1 тармақшасы және 2 тармағының 7-3 тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекеттік тапсырысты бекітеді. Егер де жергілікті бюджетте қаражат тапшылығы жағдайында жан басына қаржыландыру тетігін іске асыру үшін республикалық бюджеттен мақсатты ағымдағы трансферттер есебінен шығындарды өтеу қарастырылған,- дейді мәжілісмен.
Ол қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін ерікті түрде анықтайтынын айтты.
Ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерін едәуір төмен. Мысалы Түркістан облысында жан басына шаққандағы норматив 25500 теңге көлемінде белгіленді. Ал 2021 жылы ол қалалық жерлерде 37527 теңгені ауылдық жерлерде 41053 теңгені құрауы керек. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген мамандар жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда,- деді Дариға Назарбаева.
Депутат Маминнен мына мәселелерге жауап беруді сұрады.
1. Облыстардағы мемлекеттік тапсырыстың көлемі қалай қалыптасады?
2. Жеке қаржыландыру шеңберінде бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдармен іс жүзінде қайда бөлінеді?
3. Жергілікті атқарушы органдардың жеке қаржыландырудың көлемін төмендетуге құқығы бар ма?
4. Аймақтарда мемлекеттік тапсырыстың қалыптасуы мен оның жүзеге асуын бақылау кім және қалай жүзеге асырады?
5. Жергілікті бюджеттердің жетіспейтін қаражатын республикалық бюджеттен өтеу механизмі қандай?