Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева, сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Вера Ким, Елдос Абаканов Нұр-Сұлтан қаласындағы «СтопОтлов» жануарлар баспанасы мен қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған «Астана ВетСервис» базасындағы уақытша ұстау изоляторына барды.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттардың жануарларға арналған баспана басшыларымен және зоологиялық қорғау ұйымдарының еріктілерімен кезекті кездесуі өтті.
Олар ең әуелі «СтопОтлов» еріктілер қозғалысы жануарларына арналған баспанаға ат басын бұрды. Жүздесу барысында «СтопОтлов» еріктілер қозғалысының жетекшісі Анастасия Цитеркоп өзі басқаратын ұйымның 2017 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Қазір еріктілер қамқорлығында 3000-ға жуық ит пен 300 мысық бар. Уақытша ұстау оқшаулағышында 4 адам еңбек етеді. Мекемені қаржыландыру бұл іске бейжай қарамайтын қамқор жандардың көмегі есебінен жүзеге асырылады.
А.Цитеркоптың айтуынша, соңғы 4 жылда ауланған және жойылған қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны 21%-ға артқан. Үй жануарларын аулау мен уақытша ұстауда дәл осы еріктілердің еңбегі зор.
Еріктілер қозғалысының жетекшісі қаңғыбас жануарлардың көп екенін айтты. Осыған орай оқшаулағышта иттерге арналған қосымша қысқы үйлер салу қажет (үшеуі биыл салынған, қосымша қысқы үйлер керек). Сонымен бірге, изоляторда иттерге арналған қоршауды жөндеу мен кейбірін жаңадан салу қажеттігін туындап отыр.
Депутаттар бұдан соң іле-шала «Астана Ветсервис» мекемесінің жаңа ғимаратына табан тіреді.
Айта кетейік, 2017 жылы қараусыз иттерге қамқорлық көрсетіп, қаңғыбас жануарлар санын адамгершілік тұрғыдан реттеуге мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік саябақ-баспана салу туралы шешім қабылданған. Мұнда ауланған иесіз мысықтар мен иттерге ем-дом жасалады, тамақ беріледі, ұрықсыздандырылады, болашақта жаңа иелеріне табыстау үшін кинологтар жұмыс істейді деп жоспарланған. Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) қағидаты аясында іске асып, оны зооқорғаушылар басқарады.
Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, оған 670 млн теңге бөлінген. Питомник 2019 жылдың шілдесінде салынып бітті. Су жаңа нысан изоляторға қарағанда 500-ге жуық үй жануарына жоғары деңгейде көмек көрсетуге арналған.
Алайда, ғимарат тендерлік рәсімдерге байланысты пайдалануға берілмеді. 25 миллион теңге жануарларды бағып-қағуға аздық қылды, зооқорғаушылар тәуекелге бармады, бұған қоса ғимараттың коммуналдық шығыны да аз емес еді. Биыл питомник «Астана-Ветсервис» компаниясына берілді. Қазір іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Дариға Назарбаевамен әңгімелесу барысында Анастасия Цитеркоп жануар иесінің жауапкершілінің арттырудың басты қағидаты ретінде ит пен мысықты міндетті тіркеудің енгізілуін, асыл тұқымды жануардан басқасын міндетті түрде ұрықсыздандыру мен піштірудің ұзақ мерзімді бағдарламасын енгізуді ұсынды.
А.Цитеркоп уларды пайдалануға тыйым салу, елді мекенге уланған тағамдарды тастау, жануарларға қатыгездік таныту фактісімен көзге түскен балалар мен жасөспірімдерді ерекше бақылауда ұстау қажет деп есептейді.
Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева «Заң жобасын талқылау кезінде әртүрлі пікірлерді ескеру, ұсыныстарды қоғам талқысына шығару маңызды. Үй жануарларының есебін жүргізу қажет деп санаймын. Әрі жануарларды асырау, оларға жауапкершілікпен қарау нормаларының іске асуына, питомниктерге бөлінген бюджет қаржысының игерілуінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету маңызды, - деп еріктілер қозғалысы басшысының ұсынысын қолдады.