Дархан Қыдырәлі: Біз Қытаймен 5 мың жыл бойы өмір сүріп келеміз

26 Мамыр 2023, 15:50
3219
Бөлісу:
Дархан Қыдырәлі: Біз Қытаймен 5 мың жыл бойы өмір сүріп келеміз
Фото: Арман Мухатов

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстан мен Қытайдың әріптестік қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр "Сұрауы бар" бағдарламасына сұхбат беріп, екі ел арасындағы экономикалық, геосаяси және т.б. мәселелерге тоқталды.

Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, біз Қытаймен 5 мың жылдан бері қатар өмір сүріп келеміз. Былай айтқанда, құдайы көршіміз. Осы уақыт аралығында әртүрлі жағдай болды. Дегенмен біздің халықтарды байланыстырған басты күш Жібек жолы еді. Оның дамуы біздің мемлекеттің экономикасына қатты әсер етіп отырды. Осылайша біздің Қытаймен байланысымыз бағзыдан басталып, қазірге дейін жалғасып келеді, - деді министр.

Оның айтуынша, қазір Орталық Азия мемлекеттері жан-жақты әрі әртарапты байланыстарды нығайтып келеді.

Қазір Орталық Азия елдеріне назар зор, осы аймақпен байланыс орнатып жатқандар көп. Бұған дейін Еуропа, АҚШ еді, енді Қытай да қосылды. Қазақстан бұл әріптестікте жалғыз емес, яғни бізбен бірге Орталық Азияның басқа 4 мемлекеті бар. Сондықтан бұған жатырқап қараудың қажеті жоқ. Қытайдың тауарларын Парсы шығанағына, Еуропаға таситын жол біз арқылы өтеді. Бұл ел экономикасына мол кіріс әкелетіні белгілі, - дейді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға мемлекеттік сапармен барып, бірқатар бірлескен мәлімдемеге қол қойған еді.

Өзгелердің жаңалығы