Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «AntikorLive» жобасы аясында өткен «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәдениет қалыптастыру туралы» сұхбат барысында айтты.
Қазір ақпарат ағыны күшті заманда өмір сүрудеміз. Мемлекеттік басылымдардан бөлек, әлеуметтік желілерде балама ақпарат көздері өте көп, телеграм, ютубта түрлі арналар бар. Қазір ештеңе жасырын қалмайды, қоғамда барлығы дер кезінде әшкереленіп жатады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте БАҚ белсенді деп санаймын. Өйткені, көрерменді ұстап тұру үшін де шынайылық керек. Жемқорлықтың салдары да, себебі де бар. БАҚ жедел ақпарат таратқан кезде «қандай да бір қылмыстық топтар құрықталды» деп, салдарын көрсетіп жатады. Үлкен басылымдар сараптама жасап, себебін, түпкі тамырын анықтайды. Себебі, сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты және үлкен індет, онымен күресу баршаға міндет. Оның салдарымен ғана емес, себебімен күрес БАҚ-қа үлкен жауапкершілік жүктейді, - дейді басқарма басшысы.Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бала кезден басталады деп есептейді. Пара беру үрдіске айналса, қоғамның жойылғаны, дейді ол.
«Егемен Қазақстан» газетінің өз аудиториясы бар. Интернет жетпейтін ауылдарға да барады. Елді елең еткізетін жаңалықтарды газет жедел жеткізбегенімен, оны жазатын біздің сайтымыз бен әлеуметтік парақшамыз бар. Біздің газетіміздің артықшылығы – сараптамалық жағында. Бір-екі күн кешіккенімен, оқиғаның жай-жапсарын түсіндіріп, журналисттік зерттеумен ашып жеткіземіз. Қоғамда қызу талқыланып отырған өзекті тақырыптарды бас басылым ретінде алғашқы беттен-ақ беруге тырысамыз. Таяуда болған сот жүйесіндегі оқиғаға байланысты зерттеу жасаудамыз. Құқық бөлімінің жанынан жемқорлық пен құқықбұзушылыққа қатысты арнайы бөлім ашуды жоспарлап отырмыз. «Адалдық алаңы» деген бет ашу ойымызда бар. Қоғамда жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетті қалыптастыру керек, - деп мәлімдеді Дархан Қыдырәлі.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ