Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Даниал Ахметов Қарағайлы шағын ауданында медицина саласының 15 қызметкеріне пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды Алтайньюс.
Семейдегі Қарағайлы шағын ауданындағы жаңадан салынған көппәтерлі үйлерге қоныстанушылардың қатары күн санап артып келеді. Бүгін өңір басшысы баспаналы болған медицина қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады.
«Қарағайлы шағын ауданы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолға алынып, Елбасының тапсырмасымен халықтың әл-ауқаты төмен, көп балалы отбасыларын үймен қамту үшін арнайы жасалып жатқан, инфрақұрылымы жақсы әрі қолайлы өңір. Бұл жер Семейдің тамаша бір ауданы болары да сөзсіз. Бүгін міне, дәрігерлер қауымы көптеген күткен қуаныштарын бізбен бөлісуде. Пәтерлеріне кіріп, баспаналы болып жатыр. Қарағайлы шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көптеген көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар арығарай да жалғаса беретін болады. Баспаналарыңыз құтты болсын»,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Қарағайлы шағын ауданында халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Соңғы жылдары Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жеке тұрғын үй құрылысы салаларында оң өзгерістер байқалатынын атап өтті.