Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қор арқылы өңдеуші кәсіпорындар 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен кредиттелетін болады, - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Ол мұны ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экономиканы қолдау шаралары бойынша өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
Өңдеуші өнеркәсіпті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорын құру, оффтейк-келісімшарттар жасасу, жоғары бөліністі өнімдерді экспорттау кезінде көлік шығындарының орнын толтыруды 80%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қор арқылы өңдеуші кәсіпорындар 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен кредиттелетін болады. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінде жасалған оффтейк-келісімшарттардың жалпы сомасы 19 млрд теңгеден асады. Әлеуетті отандық өндірушілерді анықтау бойынша талдау тұрақты негізде жүргізіледі. Лизингтік қаржыландыру арқылы экспорттық әлеуеті бар өңдеуші өнеркәсіпте бірқатар жобаны іске асыру пысықталуда. Бұл - жоғары технологиялық құю зауытының, жүк автомобильдерінің жетекші тіреуіштерінің редукторларын шығаратын зауыттың және автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы, - деді министр.
Руслан Дәленов АӨК-де ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін форвардтық келісімшарттарды енгізу және «алаңнан сөреге дейін» қағидаты бойынша қаржыландыру тетігін енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл шаралар аграрлық өнімді тұрақты сатып алу мен өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Құрылыс саласында «5-10-20» жеңілдікпен несиелеудің пилоттық жобасын іске қосу және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» объектілерінің құрылысы кезінде отандық құрылыс материалдарын сатып алуды қамтамасыз ету жоспарлануда. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша «Жол картасы» жобасы әзірленді. Жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мерзімі 2 аптадан 3 жұмыс күнге дейін қысқартылды, - деді ол.