Астана, baq.kz тілшісі. Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2018 жылғы жұмыс нәтижелерін жарияланды.
«Былтырғы жыл өте жемісті болды. 2018 жылы отандық кәсіпкерлікті кешенді түрде қолдау, бизнес жүргізу мен инвестиция салуға қолайлы жағдай жасау жолында көп жұмыстар атқарылды. Қор бағдарламалары арқылы қаржыландырылған жобалардың жалпы сомасы 473,3 млрд теңгені құраған. Бұл дегеніміз – 21 181 жоба», - деді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру бағдарламалары бойынша 2018 жылы 17 690 жобаға 248,5 млрд теңге несие берілген. 2018 жылы несиесін субсидиялаған жобалар саны 1 432, несиелердің жалпы сомасы 173,2 млрд теңгені құраған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 41 жоба субсидияланып, БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша 68 жоба мақұлднған. Банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда кепілдік алған жобалар саны 48%-ға артқан. 2018 жылы «Даму» Қоры кәсіпкерлердің ЕДБ алдындағы 28,4 млрд теңгені құрайтын несиелері бойынша 1950 кепілдік берген.
«Уағдаласқан орналастыру бағдарламасы бойынша 1,92 трлн теңге көлемінде 45 мың кәсіпкер қаржыландырылды. Несие беру сомасы бойынша Алматы мен Қарағанды облыстары, Астана қаласы алдыңғы орында тұр. «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті және өнімді жұмыспен қамтуды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер жылдық ставкасы 6% дейінгі жеңілдетілген кредит ала алды. Бұдан бөлек кәсіпкерлер қордан 85% дейін кепілдендіріледі. Бүгінде 19 293 млн теңге көлемінде 1734 адам қаржыландырылды», - деді «Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Гаухар Бурибаева.
«Даму» Қоры – «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі» АҚ тиесілі ұлттық даму институты. «Даму» Қорының міндеті – шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жан-жақты қолдау көрсету, сонымен қатар Қазақстандағы операторлар мен интеграторлар саналатын ұсақ қаржыландыру ұйымдарына қаржылай, консалтингтік қызмет көрсету.