Астанада Dala dauysy шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды, оның жүлде қоры 46 млн теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Байқау 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтыды және оның басты мақсаты – мәдени мұрамызды сақтау, қайта жаңғырту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу. Сонымен қатар, дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері бағытында жаңа туындыларды жарыққа шығаратын авторларды қолдау.
Жобаға қатысу үшін 200-ден астам өтінім түскен. Бұл қазақстандық композиторлар мен жазушылардың соңғы үш жылда жазылған және бұрын көпшілік алдында орындалмаған туындылары.
Байқау көпшілікке тың туындылар ұсынып қана қоймай, мүлдем жаңа есімдер ашты. Жеңімпаздар мен лауреаттардың шығармашылық жұмыстары халқымыздың тарихы мен мәдениетінде маңызды із қалдырып, қазіргі мәдени ландшафттың бір бөлігіне айналатынына сенімдімін. Бұл жобаны біз жас авторлардың өздерін танытуы және мемлекеттің қолдауына ие болу үшін дәстүрге айналдырғымыз келеді, - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ресми марапаттау рәсімі аясында.
Жеңімпаздар мен лауреаттарды Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен арнайы құрылған қазылар алқасы жабық түрде анықтады. Байқаудың ерекшелігі – қатысқан авторлардың да, олардың жұмысын сараптаған қазылар алқасының құрамы да соңғы сәтке дейін құпия болды.
Республикалық Dala dauysy байқауының жеңімпаздары кімдер?
«Үздік классикалық музыка» номинациясымен жеке аспапқа арналған «Иллюзия» шығармасы үшін Бейбіт Әбілұлы Дәлденбай, ансамбльдерге арналған «(Re)incarnation [Yerlik]» шығармасы үшін Санжар Байтереков, Халық аспаптары, үрмелі, симфониялық және эстрадалық-симфониялық оркестрлеріне арналған «Скрипка және симфониялық оркестріне арналған концерт» шығармасы үшін Шырын Базарқұлова марапатталды.
«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» номинациясы бойынша «Сәкен» операсы үшін композитор Әліби Әбдінұров, либретто авторы Қанат Жүнісов, «Алдар көсе» балеті үшін композитор Алмабек Мейірбековтың мұрагері Ерден Ордабекұлы, либретто авторы Дамир Уразымбетов, «Алпамыс» балеті үшін композитор Арман Жайым, либретто авторы Айтқали Жайымов марапатталды.
Эстрада жанрындағы «Республика әні» номинациясын «Елім деп соққан жүрегім» әні үшін Иса Ауғантай алды. Мәтінін жазған – Саят Рақымжан.
«Үздік фольклорлық музыка» номинациясына авторлық вокалдық-аспаптық туынды «Біздің ауыл тамаша» әні үшін Орал Байсеңгір, авторлық вокалдық немесе вокалдық-аспаптық туынды «Love story» балладасы үшін Сәтжан Шаменов, авторлық аспаптық шығарма (күй) «Бес періште» күйі үшін Асылбек Кенігесов лайық деп танылды.
«Үздік драматургиялық туынды» номинациясын драмалық театрларға арналған тарихи немесе заманауи тақырыптағы пьеса «Зор Білгамеш һәм Қорқыт Ата» шығармасы үшін Асылбек Ихсанов, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған пьеса «Қашқын» шығармасы үшін Қуаныш Жиенбай алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2 арнайы жүлдесінің иегерлері: Жаңабай Өтегенов «Түркістан» әні, Ғалымбек Исімбергенов «Мейірім керек» әні.