Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Daily Signal: АҚШ пен Қазақстан басшылары БҰҰ-ны сынға алу мәселесінде бір көзқараста

10 Қазан 2025, 12:02
668
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

АҚШ-тағы беделді консервативтік жаңалықтар сайты Daily Signal АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны сынға алған ұқсас мәлімдемелерін жариялады. Екі елдің көшбасшылары ұйымның нәтижесіз жұмысына назар аударып, БҰҰ-ның түбегейлі реформалануы қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басылымның жазуынша, БҰҰ-ның 80-сессиясы бұрынғыдай оптимизм рухында емес, мүлде басқа көңіл күйде өтті. Әлем көшбасшылары бірінен соң бірі ашық мойындады – БҰҰ өз миссиясын орындай алмай отыр, соғыстардың алдын ала алмайды және сенім ұялата алмайды.

АҚШ президенті бұл жолы да бұрынғыдай ұстанымын айқын білдірді: нәтиже рәсімнен маңызды. Оның сөздері "Америка бәрінен бұрын" деген философияны көрсетті – яғни халықаралық ынтымақтастық шынайы адамдардың пайдасына жұмыс істеуі керек, ал шексіз бюрократияны емес.

БҰҰ-ны салтанатты рәсімдерімен емес, нақты нәтижелерімен бағалаңыздар, – деді Трамп. 

Басылымның айтуынша, бұл сөздер залдағы көптеген дипломаттардың ішкі ойын дөп басты, тек көбі мұны ашық айта алмаған.

Басылым бұдан әрі Трамптың жалғыз емес екенін атап өтеді – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та оның сынына үн қосты.

Тоқаев – популист емес, кәсіби дипломат. Ол бұрын БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған, ұйымның Женевадағы бөлімін басқарған тәжірибелі маман, – деп жазады Daily Signal.

Материалда атап өтілгендей, Тоқаев БҰҰ-дағы қазіргі жағдайды "масқара әрі қауіпті сәтсіздік", ұйымның ішінде "терең дағдарыс барын" көрсететін айқын белгі деп атады. Ол немқұрайдылық пен әрекетсіздік мәдениетін қатаң сынға алып, БҰҰ-ның түбегейлі реформалануы қажет екенін айтты.

Басылымның жазуынша, Трамп пен Тоқаевтың көзқарастарының үндес болуы кездейсоқ емес және бұл ұқсастыққа назар аударуға тұрарлық.

Қазақстан – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан Орталық Азия мемлекеті. Осы екі державаның қысымына қарамастан, ел АҚШ пен Батыстың Украинаға қолдау көрсету ұстанымын бөліседі, еркін сауданы қолдайды және АҚШ-пен кең ауқымды ынтымақтастық орнатуға ұмтылып отыр, – деп жазады Daily Signal.

Бұған қоса, басылым БҰҰ сессиясына бір күн қалғанда АҚШ пен Қазақстан 4,2 миллиард долларлық келісімге қол қойғанын еске салады. Ол бойынша Пенсильвания штатындағы Wabtec компаниясы "Қазақстан темір жолдарына" ауыр локомотивтер жеткізеді. АҚШ-тың Сауда министрі Говард Латник бұл келісімді "локомотив саласындағы тарихтағы ең ірі мәміле" деп атаған.

Материалдың соңында басылым былай түйіндейді:

Трамптың прагматикалық ұстанымы мен Тоқаевтың сыншыл пікірі бір түйінге саяды — БҰҰ ортақ игілік үшін түбегейлі өзгеруі керек. Әйтпесе, адамдар бұл ұйымға деген сенімін мүлде жоғалтады.

Өзгелердің жаңалығы