Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскери дәрігерлер өздерінің азаматтық әріптестеріне ортақ ниеттерін білдірді. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Алматы облысының әскери-медициналық мекемелері Денсаулық сақтау министрлігіне коронавирусқа қарсы күресте көмектесуге әзір екенін жеткізді. Талдықорғанда және Үшаралда орналасқан госпитальдар мен емханалар тұрғындарды қабылдауға қайта бейінделеді - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, әскери қызметшілер елді мекендердің аумағын зарарсыздандыруға да көмектесуде. ҚР-да төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап Қорғаныс министрлігінің биологиялық қорғау бөлімшелері 27 қалада 3 700-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысандарда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.
Әскери қызметшілер бақылау-өткізу бекеттерін күшейтуге де жұмылдырылған.