Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазақмыс" корпорациясының тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұлов пен оның қол астындағы басқармалардың бірінің жетекшісі Сабыржан Тембаевқа ота жасалды, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, бас директор Мініғұлов жансақтау бөлімінде, ал Сабыржан Тембаев хирургиялық бөлімде жатыр.
Тембаев қарны тұсынан, алдыңғы қабырғасы астынан пышақ жарақатын алған. Ол есін біледі, хирургия бөлімінде ем алып жатыр, - деді Жезқазған медициналық орталығындағылар.52 жастағы "Қазақмыс" корпорациясының тау-кен өндіру кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловтың жағдайы ауыр. Төбелес кезінде оған пышақ арқасынан тереңге қадалған. Ер адам ес-түссіз жатыр.
Науқасқа ота жасалды. Гемодинамикасы тұрақты, оған барлық қажетті кешенді көмек көрсетіледі, - дейді корпорацияның медициналық орталығы.Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің екеуіне де барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Олар ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
21 қаңтарда "Кәсіпқорған" кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов қызметтік кеңседе өзара сөзге келген "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС бас директоры Амангелді Мініғұловты төбелес кезінде пышақпен жарақаттады.
Сондай-ақ, екеуіне ара түспек болған корпорацияның қызметкері Сабыржан Тембаев та кеуде тұсынан пышақ жарақатын алды. Осы жайттардан соң кәсіподақ қызметкері өз-өзіне қол жұмсады.